Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ауыл мектебіндегі берекесіздіктерге қатысты жауапты мекемелер үнсіз - заңгер

AstanaTV
14.03.2018ж. 20:00
2971
Ауыл мектебіндегі берекесіздіктерге қатысты жауапты мекемелер үнсіз - заңгер

Ауыл тұрғынына парта сатқан мектеп директорына қатысты жауапты мекемелер үнсіз отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы Қошқарата ауылы тұрғындарының сенімді өкілі осылай дейді. Аталған мәселе туралы алдыңғы жаңалықтарымызда хабарлаған едік. Шырылдаған жұрт білім ошағындағы мүліктер талан-таражға түсіп жатыр деп жанайқайын жеткізген.

Әсемгүл Құлмаханова, Қошқарата ауылының тұрғыны:

Дәлелім - мына парта. Менен басқа қанша адам алып жатқаны белгісіз. Дәлелдеп, көрсетіп тұрмын міне, екі парта алғаным. Әжетіме жаратып жатырмын, ұрлап алғаным жоқ. Өзінен сатып алдым. 

Ауыл тұрғыны мемлекеттік мекемеге тиесілі мүліктердің сатылып жатқанына бей-жай қарай алмаймын дейді. Өзінен басқа да бірнеше куәгердің бар екенін алға тартады. Ал, мектеп директоры мұның барлығын теріске шығарып, жабылған жала деген еді. Қолында ауыл тұрғындарының арызы бар адвокат бұл дауға қатысты  аудандық әкімдік пен білім беру басқармасы әлі күнге үнсіз отыр дейді. Жарты жылдан бері жауапты мекемелердің табылдырығын тоздырған сенімді өкіл жоғарыдағы фактілер бойынша ешқандай қызметтік тексеру жүргізілмегенін айтады. Атышулы іс жабулы қазан күйінде қалмасын деп алаңдаған адвокат, «Заң талабы бойынша мемлекеттік мекемелер ары кетсе екі айдың ішінде жауап беруі тиіс», деген ұстанымда.

Әділхан Берманов, заңгер, Қошқарата ауылы тұрғындарының сенімді өкілі:

Қараша айында тапсырылған арыздарға әлі жауап жоқ. Тек қолымызда прокурордың берген түсіндірмесі бар. Сыбайлас жемқорлық бөліміне жолданғаны жөнінде, одан кейін ешқандай жауап жоқ.