Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Сарыағаштағы келеңсіздікке жол берген шенділер жазаланды

AstanaTV
15.03.2018ж. 20:00
3948
Сарыағаштағы келеңсіздікке жол берген шенділер жазаланды

Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар шенді қызметінен қуылып, кейбірі сөгіс алды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев оларға осындай жаза тағайындады. Олар 7 жасар баланың зорлануына қатысты келеңсіздікке назар аудармаған көрінеді. Айзада Төребекқызы тарқатады.

Айзада Төребекқызы тілші:

Сарыағаш ауданындағы оқиғаға байланысты келеңсіздік дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан туындаған. Осылай деген аймақ басшысы бүгін бірқатар шенеунікті жұмыстан қуып, енді кейбіріне сөгіс жариялады. Таяқ тигендердің тізімін аймақ әкімінің білім саласына жауапты орынбасары бастады. Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту берілді.

Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Сарыағаш ауданы жергілікті полиция қызметінің басшысы Оразгелдиев Бердалыны жұмыстан босатамын. Сарыағаш ауданының әкіміне қатаң сөгіс жарияланады және сол аудандағы білім бөлімі аудандық және №73, № 74-мектептің директорларына байланысты сіз құқық қорғау органдарының тексеруі аяқталғанға дейін оларды қызметінен аластату жөнінде шара қолданыңыз.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов та сөгіс арқалады. Аудандағы  жағдайға атүсті қараған аудан әкімінің орынбасары да жазасыз қалмақ емес.

Келеңсіз жағдай Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тіркелген еді. Ақпарат құралдары 7 жасар баланы көрші мектептің 7-ші және 8-ші сыныбында оқитын үш оқушы жарты жыл бойы «зорлаған» деп хабарлады. Осыған орай жиын өткізген өңір басшысы эксперттік комиссиямен ауданда және облыста екі рет медициналық тексеру жүргізіліп, баланың зорланғандығы расталмағанын мәлім етті. Жәбірленген отбасы тәуелсіз сараптама жасату үшін Алматыға жолға шыққан еді. Бірақ құқық қорғаушылар бала мен оның туыстарын күштеп жолдан қалдырғанын айтып шу көтерген болатын. Бірақ аймаққа түнде арнайы келген мәжіліс депутаты, бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева балақайдың мемлекет қамқорлығына алынғанын айтты. Ал олардың жолдан қалдырылуының барлығы заңға сәйкес, деді. 

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Мен тек қана өкілі ретінде, бала сау, денсаулығы сау, тамағы тоқ, жағдайы жасалған, қазір бала менімен. Әжесі де менімен, әпкесі де менімен, қасымда.

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Қазір 7 жасар балақай мен оның әжесі Астанада. Оған жақын күндері кешенді сараптама жасалады. Оған сенімсіздік тумас үшін жәбірленуші тараптың сенімді өкілдері де қатыса алады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ