$450.91 €522.69 ₽5.33
×

Астанада инклюзивті жоба қатысушылары сертификат алды

Астанада инклюзивті жоба қатысушылары сертификат алды

Астанада «Әділет - бәріне бірдей мүмкіндік» жобасының алғашқы қатысушылары кәсіби курстарды аяқтап, сертификат алды. Бес күнде олар түрлі мамандықтарды меңгеріп, қаржылық сауаттылық пен цифрлық дағдыларды үйренді. Жыл соңына дейін ерекше қажеттіліктері бар 150 адамды тегін оқыту жоспарланған.

16 жастағы Айзере Мақсатқызы - жобаның ең жас қатысушысы. Ол «Өзіңе визажист» курсын сәтті аяқтады. Айзере кәсіби макияж жасауды үйренуді бұрыннан армандаған. Жас болса да, паракаратэден әлем чемпионы атанған. Енді болашақта өз сұлулық салонын ашуды жоспарлап отыр.

АЙЗЕРЕ МАҚСАТҚЫЗЫ, ЖОБА ҚАТЫСУШЫСЫ:

Маған бәрі ұнады. Ұстаздарымыз өте жақсы үйретті. Әрқайсымызға жеке көңіл бөліп, бәрін мұқият түсіндірді. Сабақтар өте қызықты өтті. Бұл мен үшін алғашқы тәжірибе болды. Басында «Қолымнан келе ме екен?» деп уайымдадым. Бірақ, шүкір, бәрін үйреніп, қолымнан келгеніне қуаныштымын.

Бес күндік оқу барысында қатысушылар түрлі мамандықтарды меңгерді. Сонымен қатар қаржылық сауаттылық, SMM және мобилография бойынша білім алды. Оқу бағдарламасын жүзеге асыруға жергілікті кәсіпкерлер де қолдау көрсетті. Қатысушылар шаштараз ісі, визаж және кондитерлік бағыттар бойынша тәжірибе жинады.

САНИРА ЖҮСІПОВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі мақсатымыз әрбір аймақтағы ерекше жандар тыс қалмай, оларды тек қана оқыту емес кәсіппен мамандандырылған, сонымен қатар жұмыспен қамту. Бірнеше кәсіпкермен ынтымақтастыққа отырамыз. Тек қана сертификаттар табыстамаймыз. 5 күндік оқу өтті. СММ-ға үйреттік, өздерінің табысын қалай көрсету, өздерінің жұмысын көрсету, сонымен қатар әр кәсіпті бастағанда қаржылық сауаттылық  керек.

Мамандардың айтуынша, мұндай кәсіптерге еңбек нарығында сұраныс жоғары. Сондықтан жоба қатысушылары алған білімін табыс көзіне айналдырып, қоғамға белсенді араласуға мүмкіндік алады.

САНДИ СҰЛТАН, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ, ЖУРНАЛИСТ:

Бүгін біз мүмкіндігі шексіз жандарға жаңа мамандық игеруге мүмкіндік беріп отырмыз. Қыздарымыз визаж саласын таңдады. Сонымен қатар мобилография, SMM және басқа да бағыттар бойынша білім алуда. Жақсы визажист, кәсіби гримёр болу үлкен өнер. Қазір бұл мамандыққа сұраныс жоғары. Қыз-келіншектер әрдайым әдемі көрінгісі келеді. Сондықтан қыздарымыздың бұл кәсіпті жақсы меңгеріп, табысқа жететініне сенемін.

Жобаның пилоттық кезеңі әлі де жалғасып жатыр. Астана тұрғындары партияның цифрлық сервистері арқылы қатысуға өтініш беріп, өздеріне ұнаған бағыт бойынша тегін білім ала алады.