Алматы облысында мектепте бояу иісінен 8 оқушы уланып, ауруханаға түсті. Ата-аналар оқу кезінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, құрылыс кезінде тараған шаң мен бояу иісі балалардың денсаулығына әсер еткен.
Шілде айының соңында басталған жөндеу жұмыстары оқу жылына дейін аяқталмаған. Ата-аналардың айтуынша, құрылысқа қарамастан, балалар мектептің бірінші қабатында сабақ оқып жүрген. Осыған байланысты қауіпсіздік талаптарын тексеруді сұраған. Алайда, олардың сөзінше, бұған рұқсат берілмеген.
АЙМАН ТОКУШЕВА, АТА-АНА:
Қызымның сынып жетекшісі хабарласып, басы ауырғанын айтып, үйіне жіберген. Мен оны қарсы алуға барсам, қатты әлсіреп тұр екен. Жолда құлап қалуы мүмкін еді. Оны қайтадан мектепке, медпунктке апардық. Қызым басы айналып, жүрегі айнып, басы ауырғанын айтты. Содан кейін жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер жағдайын тіркеп, бояуға аллергиялық реакция деген диагноз қойды.
ЖАМИЛЯ ИМАНБЕКОВА, АТА-АНА:
Бастапқыда балам жөтеліп, ауыра бастады. Суық тиген шығар деп емдедім. Кейін жөтеліне ентігу қосылып, балам тұншыға бастады. Мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көргеннен кейін, жағдайының соған байланысты болуы мүмкін екенін түсіндім. Өйткені баламның шаңға аллергиясы бар.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Бүгінде мектептің ескі ғимаратын жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Ата-аналардың айтуынша, соған қарамастан балалар төменгі қабатында оқытып жатыр. Алайда мектеп директоры шағымданушылардың уәжін жоққа шығарып отыр.
ГҮЛЖАХАН КЕНИЗБАЕВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
Екі корпустың қосылған жерінен біз оқшаулап, есігін жауып тастағанбыз. Олар өздерінің ремонтарымен айналысып жатыр. Біз оқу процесімен айналысып жатырмыз. 01:36/ Бүгін балалар сабақта қалыпты жағдайда отыр. Именно осы 7 бала келді бүгін. Өзіміздің участковый педиатрымыз және глав врачымыз келіп, бақылауда ұстап отыр.
Ата-аналар денсаулығына байланысты сабаққа қатыса алмай жүрген оқушылар үшін қашықтан оқу мүмкіндігін қарастыруды талап етуде.