$480.55 €533.75 ₽5.36
×

IOSA халықаралық сертификатын алу міндетті емес

AstanaTV
22.02.2016ж. 20:00
1359
IOSA халықаралық сертификатын алу міндетті емес

«Bek Air» сотта қаралып жатқан шағымды тоқтату мақсатында өтініш жасауға әзір. Бұл туралы авиакомпания басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов «Астана» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Нақтыласақ, әңгіме Азаматтық авиация комитеті мен «Bek Air» арасында өтіп жатқан іске байланысты. Дауға IOSA халықаралық сертификатын алу мәселесі себеп болған еді. Бірақ Инвестициялар және даму министрлігінің сотқа жасаған өтінішіне қарағанда, аталмыш талаптың орындалуы енді міндетті емес.

Қазір аталған талаптарға қажетті өзгертулер мен толықтырулар жасалып жатқан көрінеді. Сондықтан халықаралық сетификатты отандық әуе тасымалдаушылардың арасында тек қалағандары ғана алады. Бүгін Астананың мамандандырылған экономикалық соты жаңа талаптың енгізілуіне орай «Bek Air» ісіне қатысты шағымды қарауды тоқтатты. Процестің доғарылуын әуе компаниясы басшылығы да құптап отыр.

Нұрлан Жұмасұлтанов, «Bek Air» авиакомпаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

Қысқасы, министрлік талапты өзгертіп отыр. Ұшу үшін енді IOSA халықаралық стандарт сертификатын алудың қажеті жоқ. Бұл біздің талабымыз қанағаттандырылды деген сөз. Сондықтан соттың шағымды қарауды тоқтауын қолдадық. 

Қос тарап арасындағы текетірес өткен жылдың соңында басталған. Азаматтық авиация комитеті 2016 жылдың қаңтарынан бастап, барлық әуе тасымалдаушыларды IOSA халықаралық сертификатын алуға міндеттеген еді. Бірақ құны 1,5 млн тұратын тәуелсіз тексеруден тек «Air Astana» мен «SCAT» қана өткен. Өзгесі шегерімге уақыт сұраса, «Bek Air» мүлде бұл аудитті жасатудан бас тартқан. Сөйтіп, комитетпен соттасуға дейін барды. Бүгінгі процеске Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан заңды өкілдер қатысқанымен, олар ресми мәлімдеме жасамады. 

Құралай ПИОНЕР