$453.26 €506.7 ₽5.58

Рината Сұлтанова Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды

20.09.2026ж. 07:00
Рината Сұлтанова Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды
Фото: Владислав Семенов

Қазақстан қоржынынан алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды  AstanaTV.

Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова ХХ жазғы Азия ойындарында әйелдер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алды.

Бұл — Қазақстан құрамасының биылғы Азиададағы алғашқы алтын жүлдесі. Рината Сұлтанова алғашқы жарыс күнінде жеңіске жетіп, ұлттық құраманың алтын медальдар есебін ашты.

Жарыс қорытындысы:

 1-орын — Рината Сұлтанова — 36:23.72

2-орын — Чжан Хао — 36:28.40

3-орын — Син Джиын — 36:56.14

Бұл — Рината Сұлтанованың екінші Азиадасы. Бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол жекелей уақытқа жарысудан қола медаль жеңіп алған болатын.

Соңғы жылдары бейінді федерациямен бірлесіп спортшыларды ірі халықаралық жарыстарға дайындауға, Азия чемпионаттары мен басқа да маңызды бәсекелерге қатысуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндай жарыстарда жинақталған тәжірибе спортшыларды маусымның негізгі додаларына жоспарлы түрде дайындауға мүмкіндік береді.

Бүгінде тасжолдағы велоспорт Қазақстанның 9 өңірінде дамытылып келеді. Өңірлік даярлық жүйесін жетілдіру, федерация мен жаттықтырушылар құрамының жұмысы, сондай-ақ спорт резервін қалыптастыру қазақстандық велоспорттың халықаралық аренадағы позициясын одан әрі нығайтуға негіз болады.

Рината Сұлтанованың жеңісі — Қазақстанның ХХ жазғы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медалі.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов велоспортшы Рината Сұлтанованы Айти–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарындағы жеңісімен құттықтады.

«Рината Сұлтанова мен бапкерлер штабын жарқын жеңіспен құттықтаймын! Алғашқы алтын медальдің орны әрқашан ерекше. Бұл жеңіс бүкіл ұлттық құрамаға жақсы серпін береді деп сенемін. Спортшыларымызға сәттілік, сенімділік және Азия ойындарында жаңа жеңістер тілеймін», — деді Ербол Мырзабосынов.