$447.85 €513.46 ₽5.31
×

Месси Аргентина құрамасымен қоштасу матчына киетін формасын көрсетті

22.09.2026ж. 22:21
Месси Аргентина құрамасымен қоштасу матчына киетін формасын көрсетті
Getty Images

«Интер Майами» шабуылшысы Лионель Месси Аргентина құрамасындағы соңғы матчы кезінде киетін арнайы формасын таныстырды, деп хабарлайды  AstanaTV 1Бол!-ға сілтеме жасап. 

39 жастағы футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында ойынға арналған бутсы мен формасын дайындау барысын көрсететін видео жариялады.

«Соңғы матч... Өмір бойы сақталатын жейде», – деп жазды Месси Instagram парақшасында.

Арнайы формада футболшының тегі мен дәстүрлі 10-нөмірі алтын түспен безендірілген. Ал нөмірдің ішкі бөлігіне Аргентина туындағы Мамыр Күні бейнесі орналастырылған.

Мамыр Күні – 1810 жылғы Мамыр революциясына байланысты Аргентинаның ұлттық рәміздерінің бірі. Бұл оқиға елдің тәуелсіздік жолындағы күресінің басталуымен байланысты.

Лионель Месси Аргентина құрамасындағы халықаралық мансабын 6 қазанда Буэнос-Айрестегі «Монументаль» стадионында Бенинге қарсы өтетін жолдастық кездесуден кейін аяқтайды. Месси ұлттық құрама сапында 2005 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол 207 матч өткізіп, 125 гол соққан.

Аргентина құрамасымен бірге Месси 2022 жылғы әлем чемпионатында, 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогында, сондай-ақ 2022 жылғы Финалиссимада жеңіске жетті.

Ал 2026 жылғы әлем чемпионатында Аргентина финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде Испаниядан 0:1 есебімен жеңілді.