$445.65 €508.71 ₽5.3
×

"13 жерінен пышақ сұққан",- марқұмның ағасы

"13 жерінен пышақ сұққан",- марқұмның ағасы

Астанада ер адам бұрынғы әйелін  аяусыз пышақтап,  өлтіріп кеткен.  Жантүршігерлік оқиға үй ауласында болыпты. Елді дүр сілкіндірген трагедияға дейін марқұмның өзі де, жақындары да полицияға бірнеше рет арызданған. Алайда, талай рет араша сұраған отбасы бұл ажалдың алдын ала алмады. Оқиға қалай болды? Назерке Алтынбек.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Қазір бір қайғылы оқиға болған тұрғын үйдің ауласындамыз. Жеткен мәліметтерге сүйенсек, қара түсті киім киіп, арқасына сөмке асынған ер азамат, әйелдің көліктн шыққанын күтіп тұрған. Арам пиғылын іске асырған соң, қашып үлгеріпті. Қазір мына көліктің айналасынан қанның іздерін байқауға болады.

Жазира Адалова соңғы демі қалғанша көліктен шығып, көмек шақырмақ болған. Алайда, бір-екі адым аттаған соң құлап, сол жерде тіл тартпай кетті. Денесіне 13 жерден пышақ сұғылған. Марқұмның жақындары бұл қатыгездікті бұрынғы күйеуі жасады деп отыр. Ажырасқандарына бір жыл да толмаған жубайлардың арасына бұған дейін де отбасылық зорлық-зомбылық пен ажырасуға себеп болған кикілжіңдер негіз болған. Жәбірленуші тараптың айтуынша, қауіп 18 тамыздан бастап күшейген. Ол кезде де күдікті Жазира көлікке отырған сәтте тап беріп, шабуыл жасаған. Сол жолы көршілер араша түсіп, қаскөй пышағын тастай қашқан көрінеді. Сондай-ақ марқұмның құрбыларына қалдырған соңғы аудиожазбалары да бар.

Әрбір қоқан-лоқыдан кейін Жазира да, туыстары да құзырлы органдарға шағымданған. Олар бұрынғы жолдасын оқшаулап, қамауға алуды сұрапты.

ЕЛНҰР АДАЛОВ,  МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:

Қанша арыздансақ та, бәріміз жабылып жүріп қорғай алмадық. Мен де, полиция қызметкерлері де қорғай алмады. Кешірім сұраймын... Бұған дейін арыз түсіргенде оны бір ай көлемінде іздеп таппаған еді. Ал кеше бауырымды өлтіріп кеткен соң, 3-4 сағаттың ішінде бірден ұстап алды.

Жазира бар қиындыққа қарамастан, екі қызын аяққа тұрғызу үшін тынбай еңбек еткен. Күндіз тұрақты жұмысында болса, кешке сауда жасап, тіпті такси қызметін де атқарған. Әріптестері оның өміріне қауіп төніп тұрғанын біліп, қолынан келгенше қорғауға тырысқандарын айтады.

КРИСТИНА КУЛАЕВА, ӘРІПТЕСІ:

Жазира өте әдемі, өмірге құштар, еңбекқор қыз еді. Бұрынғы күйеуінің арсыз әрекеттерінен хабардар болған соң, оны жұмыстан кейін көлігіне дейін өзіміз шығарып салып жүрдік. Ал үйінің алдынан анасы күтіп алатын. Сол үшін анасы Теміртаудан арнайы көшіп келген. Тек соңғы екі күнде ғана үйіне жалғыз барған еді.  Біз де, отбасы да оны ажалдан арашалау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық емес пе.

Жақындарының сөзінше, күдікті бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Қыздарынан айырылып, қара жамылған отбасы енді істің бұрмаланбауын және кінәлінің заң жүзінде ең ауыр жаза алуын талап етіп отыр.

ӘБІЛ ӘБІЛДИН, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Кінәлі тұлға заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады.

Қазір қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.