$441.89 €502.56 ₽5.19
×

«Әділет» партиясының өкілдері төтеншеліктермен бірге тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді

AstanaTV
24.09.2026ж. 19:00
«Әділет» партиясының өкілдері төтеншеліктермен бірге тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді

Жылыту маусымы қарсаңында еліміздің бірнеше қаласында «Қауіпсіз қала» акциясы өтті. «Әділет» партиясының өкілдері мен төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексерді.

Алматыда мамандар Алмалы ауданындағы тұрғындарға жылыту пештері мен электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ өрт пен көміртек тотығынан уланудың алдын алу бойынша жадынамалар таратылды.

АЙДАР КҮНТУБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ АЛМАЛЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Алматы қаламызда мына үлкен тұрғын үйлерден бөлек, мына жер үйлер де көп орналасқан. Ал ол жер үйлердегі мына біздің қарапайым халыққа осы мына газды тұтыну бойынша, жалпы мына жылыту маусымына дайындықтар бойынша түсіндірмелі жұмыс жүргізгеніміз бұл өте маңызды.

Ал Таразда Шөлдала алабы мен Восход саяжайындағы 15 үйдің мұржасы тазаланып, түтін мен көміртек тотығын анықтайтын датчиктер орнатылды. Тексеру барысында пештегі жарықшақ және желдету жүйесінің жоқтығы сияқты ақаулар анықталған.

ШЕРӘЛІ АМАНТАЙ,  ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ИНЖЕНЕРІ:

Ерекше көңіл, әлеуметтік осал топтар санаттағы адамдардың үйлеріндегі өрт қауіпсіздік мәселесіне аударылды. Қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар. Олар яғни жылыту маусымының алдында тұрғын үйдегі пештер мен мұржаларды күлден тазалау.

Ақтауда мамандар жеке үйлер мен тұрғын үй кешендеріне арнайы техниканың кіріп-шығу мүмкіндігін тексерді. Рейд кезінде кейбір аулалардағы шлагбаумдардың ашылуына бір минуттан астам уақыт кететіні анықталды. Мамандар мұндай кедергілер төтенше жағдайда құтқару жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертті.

АБЗАЛ МАРАТ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Мақсатымыз өрт сөндіру көліктерінің тұрғын массивтердің ауласына кіру мүмкіндігін қарау. Біз бүгін 17-ші шағын аудан және 19-шы шағын аудандағы тұрғын массивтердің ауласына осы арнайы көліктерді кіргізу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше тұрғын массивтерде анықталған кемшіліктер бар.

«Қауіпсіз қала» акциясына қалалық партия филиалының өкілдері,жастар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бірлесіп атсалысты. Шара барысында тұрғындарға қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, қауіптің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді.