«Ресей
авиация қызметінің Қазақстанға қойып отырған талабы - орынсыз». «Air Аstana» әуе
компаниясының өкілі осыны мәлімдеді. Әңгіме біздің ұшақтардың Моңғолияға Ресей
аспаны арқылы ұшуына қатысты. «Астана» арнасына сұхбат берген әуе компанияның
вице-президенті Айдар Қашқарбаевтың дерегінше, Эйр Астана ұшағының Моңғолияға
Ресей арқылы ұшып өтетін аумағы 300 шақырымдай. Көрші елдегі әуе тасымалы
саласы мамандары бұл аумақ Транссібір бағытына тиесілі екенін айтқан. Сондықтан
ақы төлеуді талап етуде.
Айдар Қашқарбаевтың сөзінше, Ресейдің талабы екеу.
Біріншісі - «Аэрофлот» компаниясымен Ұлан-Батырға ұшатын әрбір рейстегі төрт
орынға қаржы төлеуге келісім жасасу. Әр орынның құны - 1 мың АҚШ валютасы.
«Онымен компания келіскен», - дейді Қашқарбаев. Ал екіншісіне келсек, Ресей
«Мәскеу-Астана» және «Мәскеу-Алматы» бағытында өз әуе рейстерін ашпақ. Отандық
әуе компаниясы басшылығы болса, бұл тиімсіз деп отыр. Өйткені Ресей әуе
кемелері ел аумағынан біздің әуе кемелеріне қарағанда 30 есе артық ұшып өтеді.
Оларға Қазақстан тарапынан шектеу қойылып отырған жоқ. Қысқасы, осындай
күрмеулі мәселелерге орай, алдағы жазда Моңғолияға ұшады деп жоспарланған рейс
жолға шықпауы мүмкін.
Айдар
Қашқарбаев, «Air Аstana» АҚ әуе
компаниясының заң мәселелері бойынша
вице-президенті:
Ресей
Моңғолияға қатынайтын Еуропа тасымалдаушыларына талап қоймай, өз аумағымен
өтуіне рұқсат беріп отыр. Бізге келгенде қарсылық білдіруде. Нақты шешімге келмей, сергелдеңге салды. Қазақстанның авиация саласы басшылығы Ресеймен жарты жыл бойы осы мәселе бойынша келіссөздер
жүргізіп келеді. Алайда түбегейлі шешім қабылданбады. Салдарынан аптасына 3 рет
ұшуға жоспарланған «Астана-Ұлан-Батыр» әуе рейсі тоқтатылуы мүмкін. Билет сатып
алып қойған жолаушыларда келеңсіз жағдайға тап болатын түрі бар.
Айгүл ЕРМАХАН