$441.88 €503.61 ₽5.24
×

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетіледі

AstanaTV
25.09.2026ж. 19:00
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетіледі

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік өтемақымен қатар қосымша материалдық көмек беріледі. Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі жалпы сомасы 815 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететіндерін мәлімдеді. Атап айтсақ, кәсіпкерлер Андрей Лаврентьев пен Шахмұрат Муталип қаза тапқан әрбір әскеридің отбасына 25 миллион теңгеден аударатынын жеткізді. Сонымен қатар Гаджи Гаджиев 100 миллион, Жұмабек Жанықұлов 50 миллион теңге бөледі. Бастамаға үн қосқан өзге де азаматтар 1 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін қаржылай жәрдем беретінін хабарлады.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ:

Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен Integra Construction KZ бас директоры Шахмурат Муталип қаза тапқан әскери қызметшілердің әрбір отбасына 25 млн теңгеден жолдайды. SA Construction Group бас директоры Гаджи Гаджиев отбасыларға көмекке 100 млн теңге, Karazhal Operating негізін қалаушы Жұмабек Жанықұлов – 50 млн теңге бөледі.

Қайырымдылық акциясына «Әділет» партиясы мен оның Іскерлік кеңесінің мүшелері де белсене атсалысуда. Кәсіпкерлер Николай Радостовец, Еркебұлан Ілиясов, Еркін Оқасов бастаған партияластар ерікті түрде 1 миллиард 500 миллион теңге жинады. Сонымен қатар Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай мен депутаттар да өз қаражаттары есебінен 146 миллион теңгеден астам ақша аударды. Барлық қаржы «Ұлттық рух» қоры арқылы марқұмдардың отбасыларына беріледі. Маңғыстау облысында қаражат жинауды үйлестіретін бірыңғай оператор айқындалды. Жергілікті әкімдікке қаза тапқан әскерилердің жақындарына қолдау білдіруге ниетті азаматтардан, бизнес өкілдері мен ұйымдардан өтініштер көптеп түсуде. Осыған байланысты алаяқтық әрекеттердің алдын алу әрі көмекті ресми тетік арқылы жүйелі түрде жеткізу туралы шешім қабылданды. Түскен барлық қаражат тек қаза тапқандардың отбасыларына бағытталып, ақшаның қозғалысын мемлекеттік және құқық қорғау органдары қатаң бақылайды.