$441.88 €503.61 ₽5.24
×

Қарулы күштердің 5 лауазымды тұлғасы тұтқындалды

Қарулы күштердің 5 лауазымды тұлғасы тұтқындалды

Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға байланысты іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Оқу-жаттығу кезінде суға кеткен соңғы екі сарбаздың денесі бүгін таңертең табылды.  Осылайша, теңіздегі трагедия 14 сарбаздың өмірін қиды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Қарулы күштердің 5 лауазымды тұлғасы күдікті деп табылып, тұтқындалды. Толығырақ тілші Айсәуле Съезбектің бейнематериалында.

Отан қорғауға шабытпен кеткен жігіттердің  табытпен оралып жатқаны қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Сарбазым қашан үйге қайтады деп екі көзі төрт болған ата-аналардың соңғы үмітін теңіз шайып кетті. Үздіксіз жүргізілген іздестірудің  нәтижесінде із-түссіз кеткен екі жауынкердің денесі бүгін таңертең табылды. Осылайша, жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде суға кеткен 17 әскеридің 14-і қаза тапты. 19-20-ға енді толған өрімдей жас жігіттердің үйге қайтуларына да аз-ақ қалған еді. Ал ауруханаға түскен сарбаз Ақжол Темірәлиев есін жиды. Жағдайы тұрақты. Әкесінің айтуынша, Ақжол толқынға қарсы жүзіп, жағаға өзі жеткен.

ТИМУР ҚЫДЫРНИЯЗОВ, САРБАЗДЫҢ ӘКЕСІ:

Өте қайғылы жағдай сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Баламның қасында бірге бір жыл болған дос болып кеткен бауырлары ғой. Ата-аналарына көңіл айтқым келеді.

Қайғылы оқиғаны үкіметтік комиссия жедел тексеріп жатыр. Қылмыстық іс қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша қозғалған. Бас прокуратура оқиғаға қатысты 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынғанын мәлімдеді. Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды. Ішкі істер министрлігі Қорғаныс саласының 5 лауазымды тұлғасын тұтқындады.

Ұсталғандардың қатарында - ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазіргі таңда қажетті тергеу амаладары жүргізілуде. Бірқатар лауазымды тұлғалар күдікті деп танылды. Қажетті тергеу амалдары жалғасуда. Кінәлі тұлғалар қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.

Теңіз қателікті кешірмейді. Тергеу барысында ауа-райы ескерілді ме, катердің техникалық жағдайы қалай болды, жеке құрамның қауіпсіздігіне қатысты шешімдер қалай және кім қабылдады деген көпшіліктің көкейіндегі сұрақтар зерделенуде. Іске қатысы бар тұлғалардың шеңбері кеңеюі мүмкін. Тергеу осы бағытта жалғасады.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі.

Айдың, күннің аманында көзінің нұры, үміт артқан ұландарынан айырылған ата-аналардың азынаған дауысы Қазақ елін ғана емес, алыс-жақындағы елдің бәрін жылатты. Ұлардай ұлыған жұрттың ендігі үміті – әділ тергеу.