Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Оңтүстік Қазақстан облысында алты жасар бала іздестіріліп жатыр

AstanaTV
22.02.2016ж. 20:00
1827
Оңтүстік Қазақстан облысында алты жасар бала іздестіріліп жатыр

ОҚО Ордабасы ауданы Амангелді ауылы үш күннен бері іздестіріліп жатқан алты жасар баланы алып кеткен болуы мүмкін деген күдікпен екі адам іздестіріліп жатыр. Бұл туралы «Адам ұрлау»  бойынша шұғыл іздестіру шараларын жүргізіп жатқан ішкі істер департаментінің өкілдері мәлімдеді. Күдікті кім? Қаршадай баланы алып кетуге не себеп болуы мүмкін? Өңірлік тілшіміз Айзада Төребекқызы мәселені анықтауға тырысты.

Ағабековтер әулеті күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылғалы - үшінші тәулік. Алты жасар Мұхаммед сенбі күні мектепке кеткеннен үйге оралмаған. Анасы Жанна, әдетте сабақтан ерте шықса да, ауыл шетіндегі үйіне екіге таяу жететін ұлының кешікеніне, сол күні аса алаңдай қоймаған.

Жанна Ағабекова, анасы:

Әкесі сол кезде Ақтауға кеткен. «Ақтауға әкеңе апарам», деді ме, білмеймін мен, не деп баламды алдап әкеткенін. Балам әдетте өзі барып, өзі сабақтан келіп жүрген бала ғой. Күдіктенетін ешкімім жоқ. Ешкімге күдіктеніп тұрған жоқпын. Ешкімнен қарыз алған да, берген де емеспіз. Ондайымыз жоқ.

Мұхаммедті соңғы болып көрген - ауылдағы такси жүргізушісі. Әділбек Бибосынов түскі мезгілде Амангелді ауылынан Темірланға егде жастағы әйелмен бірге ауылдасының ұлын жеткізіп салады.

Әділбек Бибосынов, таксист:

Мұхаммед, қалай жағдай, дедім. Жақсы, деді. Ана апай айтты: қазір қайтып келеміз деді. - Сіз оны кім деп ойладыңыз? Бөтен адам ғой. - Нағашы апасы деп ойладым. Одан кейін келіп сұрадым қасымдағы үлкен кісілерден, осындай нағашы апасы бар ма, деп. Жоқ деді.

Такси жүргізушісі өзі де іздестіріп көріп, бірақ таба алмағанын айтып отыр. Ал Мұхаммедтің әжесі немересін ұрлаған адаммен аудан орталығы Темірланнан бір көлікте келгенін есіне түсіріп отыр.

Әлия Ағабекова, Мұхаммед Қамшыбектің әжесі:

Осы ауылда қанша мектеп бар, деді. Екеу ме, деді. Жоқ,  ауыл шағын  ғана, бір мектебіміз бар, дедім. Сол мектепте  жұмысыңыз бар ма, дедім. Қасымдағы әйел, «жоқ, мектепке келе жатыр екен», деді ол әйел. Бір сағаттан кейін хабар келді ғой, Темірланда сіздің балаңыз, сізбен бірге барған әйел кім болады деп маған. Ей, ешкім емес, танымаймын, ол молданың есігінің алдына түсіп қалды, дедім мен.

Қазір мектептегілерден де дегбір қашқан. Сынып жетекшісі сол күні барлық оқушысын сапқа тұрғызып, үйлеріне шығарып салғанын айтады. Мұғалімнің дерегіне сүйенсек, мектептен әудем жерде өзге оқушыларға бөтен әйел жолыққан. 

Жазира Қонысбаева, сынып жетекшісі:

Апа келе жатып сұраған, «Осы мектептің 1 сынып оқушылары мен дайындық сыныбының оқушылары мектептен қайтты ма» деген. Сонан кейін Мұхаммед артта келе жатқаннан кейін, үш оқушы қыз: анау артта келе жатқан 1-сыныптың оқушысы Мұхаммед деп, апаға көрсеткен де, олар ары қарай үйлеріне қайтып кеткен.

Мұхаммедті алып кеткен әйелдің фотороботы жасалып, барлық жерлерге таратылды. Полиция «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ішкі істер қызметкерлері бұл іске қатысты күдікті екеу екенін айтады. Бірі - бала жетектеп жүрген фотороботтағы бейне болса, екіншісінің аты-жөні белгілі.

Кенжебек Оңдасынов, ОҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

Сүйіндік Сәндігүл Жөргенбайқызы, 1965 жылы туылған, Ордабасы ауданында туылған. Бұл азаматшаның күдіктеніп отырған себебіміз басқа да аралас-құралас болғандықтан, жоғалған баланың әке-шешесімен араласатыны бұрыннан, сол бойынша біз күдіктеніп жатырмыз. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мұхаммедті жетегіне алған белгісіз әйел таксиден жолдың арғы бетіндегі бағдаршамның тұсынан түсіп қалған.  Бұл - аудандық орталық аурухананың маңы. Бұл жерде, көріп тұрғанымыздай, кісі қарасы көп. Көлік те аз емес. Әрісі Шымкентке, берісі жақын маңдағы елді мекендерге қатынайтын ақылы көліктер де осы жерде тұрады. Алайда  алты жасар баланы ерткен күдікті адамды көрдім-білдім дегендер әзірге табылмай тұр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ