Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Қазақ жұрты Нұрғожа Оразды ақтық сапарға шығарып салды

AstanaTV
22.02.2016ж. 20:00
3017
Қазақ жұрты Нұрғожа Оразды ақтық сапарға шығарып салды

Қазақ жұрты тағы бір қаламгермен қоштасты. 84 жасқа қараған шағында жазушы, ақын, публицист Нұрғожа Ораз дүние салды. Астана қаласындағы мешіттердің бірінде марқұмның жаназа намазы оқылып, ашылуына қайраткердің өзі еңбек сіңірген «Қаллеки» театрында қоштасу рәсімі өтті. 

Қара өлең мен қара сөздің майын тамызып, шығармаларын шырқау шегіне жеткізіп жаза білген жазушы, ақын, қайраткер Нұрғожа Ораз - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі де бірегейі еді.  Ауыр қайғыны бөлісе келген қауымның назарына ұсынылған қаламгердің көптеген төсбелгілері тәрізді, оның саналы ғұмыры да көпке еңбек етумен өтті.

1932 жылы Қостанай облысы қазіргі Сарыкөл ауданында туған қаламгер әдеби ортаға «Жас жүрек» өлең топтамасымен келді. Оқырманын ойлы дүниелерімен баураған оның қаламынан «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Дала демі» секілді көптеген шығармалар туды. Әдебиет ауылында мол мұра қалдырды.

Сауытбек Әбдірахманов, журналист, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті:

Ақын, прозашы, сыншы, ғалым ретінде көп еңбек сіңірген адам. Бір өлеңінде бар, «миымның қатпарларын жазып көрсең, табар ең мың шақырым жазыққа өлшем» деп келетін. Көп еңбек еткен бұл кісінің тек әдебиеттану саласындағы еңбектерінің өзі әзірше тиісті бағасын ала қойған жоқ.

Нұрғожа Оразбен көзі тірісінде қызметтес болған інілері, қаламгердің қайраткерлік тұлғасын, «тар» заманда тайынбай ұлт мүддесі үшін күрескен мінезін еске алады. Тыңға түрең салған өлкеде, қазағы аз ортада жүріп  қазақ тілінің солғын тартып қалмауын ойлаған қайраткер, қатаң кеңестік жүйеден қаймықпастан, ақындар айтысын Арқада жаңғыртты. Сол кездегі Целиноградта тұңғыш қазақ театрын ашуға еңбек сіңірді.

Алдан Смайыл, жазушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылым депутаты:

Сол Нұрекең барлығымыз жиналып ашқан театр - мынау. Ол кезде қалалық партия комитетінің үйі болатын. 17 мың коммунисті көтеріп, «сен бе, сендерге театрды «қазақ театры» қылып аштырмаймын» деген сол кездегі қалалық партия комитетінің хатшысы айхайлап жүргенде, осы ғимаратты тартып алып, марқұм Нұрекең бәріміз ашып едік.

Алдан Смайыл Алматыдан Целиноградқа алғаш келгенде, қазағы аз қалада Нұрғожа сынды ағасынан тірек тапқанын еске алды. Қаламгердің сол кездегі еңбегі бүгінгі өлшеммен ерлікке пара-пар, дейді жазушы. Ақын Серік Тұрғынбек қаламдас ағасының дерті - ұлт қамы болғанын өлеңге қосты. Қазақ жұрты қаламгерінен ғана емес, жауынгерінен де айырылды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ