Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасы құрылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында осындай бастама көтерді. Президент Берлиндегі алғашқы күні Федеративтік республиканың беделді қаржы институттарының басшыларымен кездесті. Тараптар түрлі салада ықпалдастықты нығайтып, арадағы алыс-берісті арттыруға уағдаласты.
Германия – Қазақстанның Еуропадағы басты серіктестерінің бірі. Қай салада болсын темірдей тәртіп, жоғары сапалы инженерлік шешімдер орнатқан елден үйренеріміз көп. Президент әсіресе, шағын және орта бизнестегі герман орнықтылығына тәнті екенін жасырмады. Қазақстан экономиканы трнасформациялауда бұл тәжірибені үлгі тұтады. Екі елдің сауда-инвестициялық ықпалдастығы тығыз. Оны жаңа деңгейге көтеру – сапардың басты мақсаты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырар еді. Ал «Бәйтерек» холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Біз елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында экспортты кредиттеумен және инвестицияны сақтандырумен шұғылданатын германиялық институттар да болғанын қалаймыз.
Екі ел аса маңызды материалдар бойынша ықпалдастыққа ерекше мән беріп отыр. Қазақстан Германияның Шикізатпен қамту қорымен серіктестік орнатуға мүдделі. Бұдан бөлек, энергетика, жасыл сутегі мен өнеркәсіп секторында күш біріктіру өзекті. Ал жасанды интеллект пен цифрлық инновация саласы бойынша герман компаниялары Қазақстанға қаржы құюға шақырды. Президент бұл ретте Alayau City қаласының әлеуетін таныстырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, «бұлтты» инфрақұрылым» және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады.
Көлік-логистика бойынша да серіктестіктің стратегиясы сараланды. Президент Rhenus Group басқарма төрағасы Тобиас Бартцпен кездесуде Қазақстан құрлықтың негізгі логистикалық хабына айналуды мақсат етіп отырғанын айтты. Астана мен Берлин арадағы капитал ағынын арттырумен шектелмейді. Жаңа салалар мен бағыттар бойынша өсімді бірге қалыптастыруды көздейді. Қазақстан экономикасына әлемдік даму институттары былтырдың өзінде 20 млрд доллар қаражат құйған. Мемлекет басшысы инвесторларға қолайлы жағдай жасау жалғасатынын айтты.