Қызылжарда қаздардың жаппай неден қырылғаны белгілі болды. Сала мамандары белгісіз дертті бірнеше апта бойы зерттеп, қанаттылардың өліміне “кокцидиоз” ауруы себеп болды деген шешімге келген. Еске салайық, облыс орталығының төңірегіндегі Шаховское ауылында 15 мыңнан астам құс қырылған. Оның басым бөлігі - қаздар. Аурудың белгілері пастереллёзге ұқсас. Демек, құстар әлсізденіп, денесі дірілдей бастайды. Өкініштісі сол, дерттің бұл түрі құзырлы орган бекіткен қауіпті құс ауруларының тізіміне кірмейді екен. Сондықтан жапа шеккен ауыл тұрғындарының шығынын мемлекет өтемейтін көрінеді.
АРМАН ИЛЮКИН, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл ауруды жұқтырудың бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, үй құстары жабайы қанаттылармен байланыста болса керек. Сондай-ақ, қаздар бір аулада тым көп шоғырланған. Бірақ кокцидиоз бұл емделетін ауру. Оның амалдарын біз шаруашылықтарға ұсынамыз.