Атырауда 100-ден астам адамды алдап соққан «Абырой авто» салоны басшылары сотталды. 8 айға созылған сот процесінде олардың кінәсі толық дәлелденіп, 23 және 28 жастағы қос азамат 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алаяқтық әрекеті қарапайым: көлігін сатуға қойған азаматтарға салон менеджерлері хабарласып, нарықтан жоғары бағада сатып беруге шақырған. Ақшасын 10 күн ішінде санап береміз деп, ант-су ішкен. Тіпті сенімдеріне кіріп, келісім-шарт жасап, көлікті бірден автосалон атына аударып отырған. Бірақ ақшаны бермей, айлар бойы құр уәдемен алдап келген. Сан соғып қалған жәбірленушілер саны - 103 адам. Оларға келтірілген шығын көлемі - 1 млрд 147 млн 800 мың теңге. Сатып үлгермеген көліктер иелеріне қайтарылатын болады. Ал өзгелер темір тұлпарларын азаматтық сот арқылы даулай алады.
ЭЛЬМИРА ОЙҚҰЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сот үкім етті: Нұрлыбек Бекзат Нұрлыбекұлы мен Бөкеш Алмаз Айдарұлын ҚК 190 бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына коммерциялық ұйымдар мен өзге де кәсіпорындарды құру, оларға басшылық ету және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқынан 6 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.