Жамбылда жұрт жеті айдан бері өз жеріне жете алмай жүр. Кооперативпен келісім-шарттың бұзылғанына жылға жуықтаса да бұрынғы ұжым, үлескерлердің пайын бермей, жерді пайдаланып жатқан көрінеді. 36 үлескер енді өздеріне тиесілі 800 гектардан аса егістік алқапқа дән сеуіп, соқа сала алмай отыр.
Көгершін ауылының диқандары өз жеріне бидай егіп, дала жұмыстарын жүргізейін десе бұрынғы кооператив басшылығы бермей отыр дейді. 36 шаруа 2003 жылдан бері кооперативте табыс тауып, пайын алып келген. Былтыр 800 гектар жерден астам жерді иелік ететін диқандармен серіктестік арасында келісім-шартты бұзған. Содан бері әр диқанға тиесілі телім таратылмаған. Карта да қайта сызылмапты.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАЙМАХАНОВ, КӨГЕРШІН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
49 жылға, арендаға берілген жерлер ғой. Бұл келісім бұзылды, енді. Енді біз әрекет жасауымыз керек қой. Жерімізді алуымыз керек қой. Жер ауада тұр. Қағаз қолымызда тұр, келісім бұзылды деген. Бірақ біреулер пайдаланып жатыр!
ДИНАРА АРАЛБАЕВА, КӨГЕРШІН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осы 36 адамның талабы – жерімізді қайтарып берсін! Өзіміз қимылдаймыз, өзіміз егеміз, өзіміз көреміз! Өзіміз пайдаланамыз, жер үлесімізді.
36 үлескер кооперативтен бөлініп шығамыз дегелі жеріміз қолдан-қолға өтіп кетті дейді. Қазір бұл алқаптарды Луговой жылқы зауыты пайдаланып жатқан көрінеді.
МҰРАТ ТҰРЛЫБЕКОВ, «ЛУГОВОЙ ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
36 адам өз жерлерін бөліп алу үшін арызданған болатын. Біз бірақ ерте көктемнен бері бұл егіс дала жұмыстарына дайындық жүргіздік.
Ауыл дихандары өз жерлерін талап етіп бармаған жер, қақпаған есігі қалмапты. Мәселе ушыққан соң аудан әкімдігі араласқан. Жергілікті билік қос тарапты татуластыруға тырысқан. Медиатор кеңесінде мәмілеге келе алмаған соң бұл іс сотқа жолданыпты.
ЕРҒАЗЫ ЕСПАНОВ, ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бөлінетін азаматтарға өздерінің құқықтары әкімдік тарапынан түсіндірілген болатын. Сол кісілердің өтініштері сотта қаралуда. Бұл аудан әкімдігінің тәкелей бақылауына алынған.
Қазір сот шешімі шықпай жатып, егін егу ісіне қатысты тексеріс жүргізілмек. Айта кетейік 36 үлескерден бөлек, 140-қа тарта өзге пай иесі бар. Жалпы жер көлемі 4 мың гектар.