$453.65 €509.99 ₽5.31

Олжас Бектенов Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді

Олжас Бектенов Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді
Үкімет

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Жиынға Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры,  сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Еуразиялық даму банкі, Ислам даму банкі, Азия даму банкі және Француз даму агенттігінің өкілдері қатысты.

Отырыста ауқымды реформалар аясында Қазақстан дамуының жаңа кезеңдеріне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – бизнесті дамытуға және ел үшін басым инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау.

«Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен конституциялық және институционалдық бағыттарды қамтитын ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Мұның барлығы еліміздің орнықты әрі серпінді экономикалық дамуына, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдары және институттарымен әріптестік аясында ықпал ететініне сенімдімін. Үкімет өзара тиімді серіктестікті нығайтуға және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған диалог құруға, ұсынымдар мен ұсыныстарды талқылауға әрдайым ашық әрі дайын екенін атап өтемін»,- деді Олжас Бектенов.

Жиында су шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Отырысқа қатысушылар тұрғын үйді қаржыландыру бағыты бойынша азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету міндеттерін талқылады. Халықаралық қаржы корпорациясының басшысы Зафар Хашимов Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Орталық Азияның көшбасшысы болып саналатынын атап өтті.  2025 жылы елімізде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені, биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 млн шаршы метрді құраған. Тұрғын үй саласын коммерциялық қаржыландыру үлесін арттыру және мемлекеттік атаулы қолдау тетіктерін жетілдіру әлеуеті атап өтілді. Осыған байланысты қолданыстағы құралдардың тиімділігін арттыруға, ипотекалық тетіктерді дамытуға және нысаналы субсидиялауға бағытталған шаралар кешені талқыланды.