Негізгі / Жаңалықтар / Мәжіліс депутаттары шалғай ауыл проблемаларын шешуді қолға алды

Мәжіліс депутаттары шалғай ауыл проблемаларын шешуді қолға алды

Қарағанды облысының Ақжал кентіндегі әлеуметтік мәселелер шешілуі тиіс. Бұл туралы бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған халық қалаулылары мәлімдеді. Елді мекенде бүгінде аурухана да, жол да жоқ. Мәжіліс депутаттары бұл проблемаларды қарауды сұрап, тиісті министрліктер мен аймақ басшыларына сауал жолдамақ. Ақжал кенті облыс орталығынан 300 шақырымдай қашықта. Мұнда 4 мыңға тарта халық тұрады. Тұрғындар ауырып сырқаса, жүз шақырым жердегі Балқаш қаласына барып емделеді. Мұндағы бірден бір ірі кәсіпорын, ол - «Nova-Цинк» ЖШС. Халықтың көпшілігі қорғасын мен мырыш өндіріп, Ресейге экспорттайтын осы кәсіпорында жұмыс істейді.

Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» фракциясы мүшесі:

«Мұнда амбулатория ғана жұмыс істейді екен. Кезінде елді мекенде өзінің ауруханасы болған. Аурухана ашылса деген өтініш айтып отыр. Біз алдағы уақытта бұл мәселелерді облыс басшыларына жеткізуге тырысамыз. Осы мәселелерді қарастыратын боламыз».

Мәжіліс депутаттарының тағы бір тобы Астанадағы «КСС Астана» шыны зауытын аралап көріп, жұмысымен танысты. Бір ауысымда 80 адам жұмыс істейді. Тәулік қуаты 20 мың шаршы метр өнім шығаратын зауыттағы орташа айлық 150 мың теңге көлемінде. Зауытта барлығы автоматтандырылған.

Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясы мүшесі:

Барлығы цифрланған, барлығы компьютерленген. Жоғарғы деңгейдегі өндірістің Астана қаласында бар екенін көріп отырмыз. Өте жақсы сапалы тауар өндірісі біздің еліміз үшін өте пайдалы.