Оралда екі жасөспірім көпқабатты үйдің төбесінен құлап, мерт болды. Қайғылы жағдайға не себеп болғанын полиция анықтап жатыр. Әзірге қыршын кеткен екеудің 14-16 жаста екені ғана белгілі.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Жасөспірімдер осы тоғыз қабатты үйдің төбесіне шығыпты. Тұрғындар шатырға шығатын есіктің үнемі құлыптаулы тұратынын айтады. Кілттеулі есікті олардың қалай ашқаны әлде ашық қалғаны әзірге белгісіз.
Қайғылы оқиға болған үйдің тұрғындары түнде әлдекімдердің төбеде жүргенін естіген. Бірақ кім екеніне мән бермепті. Өйткені шатырға шығатын есіктің кілті тек екі адамда болған.
ЕЛЕНА МУРЗАГАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:
Түнгі сағат он бірлер шамасында әлдекімнің төбеде жүргенін естідік, бірақ мән бермедік. Жылу құбырының ауасын шығарып жатыр деп ойладық та, ұйықтап қалдық. Мынадай сұмдық болғанын кейін үйдің чатынан естідім. Не болғанын ешкім де білмейді. Бір қыз бен бала құлап кетіпті деп жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай оқыс оқиға бұған дейін де болған. Көп қабатты үйдің төбесіне шыққан әйел төменде отырған басқа бір қарияның үстіне құлап, мерт қылған көрінеді.
ТҰРҒЫН:
Мен бүгін естіп тұрмын, кеше болған жағдай дейді. Не айтатынымды білмеймін әбден өсіп-өніп қалғанда. Ата-аналарына өте қиын. Солардың болашағын, бәрін ойлап жүрген ата-аналарына. Мен тіпті не айтарымды білмеймін, бүгін естіп тұрмын. Обал!
Қазір полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарына кіріскен. Жасөспірімдердің өліміне не себеп болғаны әзірге белгісіз.
БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығы мен прокуратураның бақылауында. Өзге ақпарат жария етілмейді.
Қаза болғандардың бірі - 14 -тегі оқушы қыз, екіншісі - колледж студенті екені белгілі болды. Өрімдей екі жастың мұндай қадамға неге барғанын енді тергеу анықтайды.