$448.94 €502.05 ₽5.26

Заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған екі шымкенттік азамат сотталды

09.10.2026ж. 09:39
Заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған екі шымкенттік азамат сотталды
фото: pixabay

«Bingo-37» және «Lotoboom» платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі шымкенттік тұрғын төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Astana TV.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратынша, екі онлайн-казиноның жалпы ақша айналымы 3,1 млрд теңгеге жеткен.

Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарға құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберген. Қызығушылық танытқан адамдарға арнайы аккаунт ашылып, логин мен құпиясөз берілген. Сондай-ақ ақша аудару үшін банк шоттарының деректемелері жолданған.

Заңсыз ойын бизнесінен түскен ақшаны қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылған.

 Қылмыстық жолмен алынған кіріске ұйымдастырушылар 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар, – делінген агенттік хабарламасында.

Сот үкімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.