Ақтөбедегі Заречный-1 алабында тұратын 300 ге жуық отбасы жол сұрайды. Былтыр ғана салынған мектепке балалар жауын күндері балшық кешіп, қыста қарға батып әрең қатынайды дейді. Жолдың сиқы осы. Асфальт төселмеген, жаяу жүргінші жолы да жоқ. Тұрғындар балалардың қауіпсіздігі үшін өз қалтасынан ақша шығарып, қиыршық тас төсепті. Бірақ одан да қайыр болмаған. Ал күн батқанда бұл көшелер балалар үшін тіпті қауіпті. Көлік пен жаяу жүргінші бір тар жолға сыйып, жан сақтап өтуге мәжбүр. Ең болмаса мектепке апаратын негізгі жолды жөндеп, жаяу жүргіншілерге тротуар салынса дейді жұрт.
ӘБІЛАҚТАН ЗАЙНУЛЛАҰЛЫ, ТҰРҒЫН:
Көпбалалы әкемін. В основном мектеп, осы районға салынған мектеп қо. Мына жақта жол жоқ, не автобус жоқ. Не жол жоқ. Балдарға қиын. Жүру де қиын, қатынау да қиын, Түнде освещение жоқ.
АБАЙ НҰРҒАЛИЕВ, ТҰРҒЫН:
Оқудан қайтқанда қысы бар, жазы бар, көктемі бар.Сонда фонарикпен келеді барлықтары, фонарикпен жүреді. Өте аянышты, жаяу барады.
Мәселе 3-4 жылдан бері көтеріліп келеді. Бұған дейін де жұрт жиналып, жауаптыларға талаптарын жеткізген. Алайда нәтиже жоқ. Ал мамандар саяжай тұрғындарына әзір асфальт төселмейтінін айтты. Жол құрылысына бюджеттен қаржы қарастырылмаған.
АРСЕН МҰРЗАЛИН, ҚАЛАЛЫҚ ТКШ,ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Саяжай ұжымынан мектепке дейінгі жол мәселесі аумаққа тұрғын алабы мәртебесі беріліп, қаланың балансына алынғаннан кейін белгіленген тәртіппен қаралады. Әзірге бұл учаскеге бюджет қаражатын бөлу мүмкін емес. Әзірге тек жолға қиыршық тас төсеп, қыста күтіп ұстау мәселесі қарастырылатын болады.