$455.63 €507.89 ₽5.65

Президент үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды

Президент үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды

Ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындайтын құжат әзірленеді. Яғни, Ұлттық жоспарлар мен стратегияларды сыни тұрғыда қайта зерделенбек. Ал үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында осындай ұсыныс айтты. Ел әлеуетін көтерудегі бастамаларды Айсәуле Съезбек рет-ретімен баяндайды.  

АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Қазақстан экономика көлемі бойынша әлемде 47 орынға жоғары көтерілді. Бұл халық саны бізден әлдеқайда жоғары бірқатар елдің нәтижесінен озық. Биылдың өзінде еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтап, жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асты. Ал жер жаһанды бақыласақ, текетірестер күшейіп, жүйесіз көші-қон белең алуда. Халықаралық құқық құнсызданып, болашаққа деген болжам бұлдырап барады. Дәл осы аумалы-төкпелі кезде еліміз ішкі тұрақтылықты сақтап, ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруды жалғастырмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет. 

Президент халықтың бақуатты күн кешуі үшін кешенді шаралар қабылданатынын жеткізді. Алдымен елдің түкпір-түкпірінде қарқынды құрылыс салынып, әлеуметтік инфрақұрылым жаңғырады. Ірі қалаларда ғана емес, ауыл-аймақта да медициналық, білім беру, мәдени, логистикалық нысандар бой көтереді. Ауқымды жобаға алдағы 3 жылда Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінбек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады. Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады.

Еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін тағы бір маңызды бағыт – логистика. Тоғыз жолдың торабында орналасқан, жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын Қазақстан тарихи мүмкіндікті мейлінше пайдалауы тиіс. Келер жылы іске қосылатын  «Бақты – Аягөз» теміржол желісі Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттырады. Ал «Арал-Каспий» күре жолы қолданысқа берілсе, жүк жеткізу мерзімі үш күнге қысқармақ. Жан-жақтағы транзиттік әлеуетті күшейту үшін барлық жолды сапалы төсеуді президент тікелей Үкіметке тапсырды. Ал Астанада жаңа әуежай құрылысы салынады. 

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жай қарапайым азаматқа билік мемлекет. Оның сұрайтыны "мемлекет неге маған сапалы жолды салып бермейді." Сондықтан президенттің айтып отырғаны міне осы. Халықтың айтып отырған талаптарына нақты жауап.  Сондықтан тиісті шешім қабылданып, нақты жауапты орган бекітілсе бұл да жауапкершілікті нығайтуға жолдың сапасын арттыруға үлкен септігін береді деп санаймын.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті. Ал негізгі капиталға тартылған инвестицияда 70 пайыз үлесі бар. Яғни, экономиканың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлікте.  Бірақ соңғы жарты жылда бизнесті жосықсыз тексеру 10 есе, айыппұл салу 11 процентке өскен. Бұл бизнесті тұралатуға төте жол болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет басшысы жаңа жылдан бастап, 3 жылдық мораторий енгізуді ұсынды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады».

Экономикада ауыл шаруашылығының да рөлі басым. Былтыр бұл сала шамамаен 6 процентке өсіп, өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті. Дегенмен шаруалардың тұрақты табыс айналымын қалыптастыруына әлі де көмек керек. 

ТАМАБЕК ӘБІЛХАЙЫР,  ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:  

Негізінен шаруаларға 1-1,5 жылға берілетін қысқа мерзімді қаражат. Яғни, шаруа егін егеді, малын өсіреді, енді қызығын көремін деп жатқанда мына жақтан несиені жап деп кеп тұрады. Сол себепті ол келесі жылғы жоспарына қаржы бөліп қоя алмайды. Сол себепті Бәйтерекке беретін мөлшерлеме мөлшерін қайта қарап, тиімді жолмен ұзақ мерзімге беру мәселесі. 

Мемлекет басшысы электр энергиясына қолжетімділікті арттыру үшін Балқаш мен Мойынқұмдағы АЭС құрылысын жеделдетуді тапсырды. Президент қыста көршілерден қымбатқа сатып алып, жазда тиын-тебенге сататын дәстүрлі жүйені сынға алды. Профицитке 2029 жылы жету керек. Ал цифрлық технологиялардың келуімен түбегейлі өзгерген қоғам үшін жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деді.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жаңа механизмдерді, кейбір құқықтық қатынастарды сапалы тұрғыда қайта жаңа кодекстің қабылдануы ықтимал. Жаңа кодексті қабылдауды Үкіметке және Құрылтайға тапсырма ретінде берілді. Биылғы жылдың аяғына дейін азаматтық кодекс қабылданатын болады. Менің пікірімше, жалпы және ерекше бөлім екеуі де жаңадан жазылатын болады. 

Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Президент жолдауында ойға алып, іске асырылып жатқан әр бастама балалардың болашағы үшін екенін бірнеше рет қайталап айтты.  Зор мүмкіндіктер мен күрделі тәуекелдер заманы қатар туды. Дәл осы сәтте Қуатты, Әділетті әрі Таза Қазақстан құру баршамызға ортақ міндет.