$453.87 €508.33 ₽5.65

Қазақстандықтардың жеке деректерін флешкаға көшіру үшін арнайы рұқсат қажет

AstanaTV
02.11.2026ж. 19:00
Қазақстандықтардың жеке деректерін флешкаға көшіру үшін арнайы рұқсат қажет

Қазақстандықтардың жеке деректерін флешкаға көшіру тәртібі өзгерді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаңа талап енгізді. Оған сәйкес, банктер, ауруханалар мен мемлекеттік органдар азаматтардың аты-жөні, телефон нөмірі және электронды цифрлық қолтаңбасы сияқты мәліметтерді сыртқы құрылғыларға арнайы рұқсатсыз көшіре алмайды. Ал алынған көшірмені 30 күннен артық сақтауға тыйым салынды. 

Жеке деректерді флешкаға немесе басқа тасымалдағышқа көшіру үшін мекеме басшылығы арнайы өтініш беруі тиіс. Онда ақпараттың қандай мақсатта қолданылатыны, қандай мәліметтер көшірілетіні және кімге берілетіні нақты көрсетілуі керек. Сонымен қатар деректердің қауіпсіз сақталатыны дәлелденуі қажет. Өтінішті қарауға 15 жұмыс күні беріледі.

ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Жаңа талаптар флеш-жинақтағыштар мен өзге де цифрлық тасымалдағыштарды пайдалануға жалпы тыйым салмайды. Олар тек аса маңызды цифрлық нысандардан дербес деректерді көшіру және сыртқа шығару тәртібін реттейді. Мұндай нысандарға жұмысының бұзылуы мемлекеттің қауіпсіздігіне, экономикаға және халықтың тіршілігіне елеулі кері әсер етуі мүмкін цифрлық жүйелер жатады.

Рұқсат берілген күннің өзінде көшірілген мәліметтерді тек көрсетілген мақсатта пайдалануға болады. Оларды бөгде адамдарға таратуға, қайта көшіруге және шетелдік дерекқорларға орналастыруға шектеу қойылған. 30 күн өткен соң ақпарат толық жойылуы тиіс. Мамандар жаңа тәртіптің тиімділігі оның іс жүзінде қалай орындалатынына байланысты екенін айтады.

МЕЙІРЖАН ӘУЕЛХАНҰЛЫ, IT МАМАНЫ: 

Бірақ ол біздің жеке деректеріміздің ағып кетпеуіне болашақта кішкене сәл де болса көмегін тигізеді. Бірақ осы күнгі дейінгі біздің ақпараттарымыз интернет кеңістігіне шығып кеткен ақпараттарымыздың қауіпсіздігі әлі де толық қамтамасыз етілмеген.

Шынында да, жеке деректердің қауіпсіздігі әлі күнге дейін өзекті мәселе. Былтыр 16 миллионнан астам қазақстандықтың мәліметі интернетке тарап кеткен болатын. Сондықтан мамандар жаңа шектеулермен қатар, бұрын таралып кеткен ақпараттың қауіпсіздігіне де назар аудару қажет екенін айтады. Айта кетейік, талап қарапайым азаматтарға емес, дербес деректермен жұмыс істейтін банктерге, ауруханалар мен мемлекеттік ұйымдарға қатысты.