$453.87 €508.33 ₽5.65

Ақсу қаласында көпқабатты 4 үйдің тұрғындары кәріз иісіне тұншығып отыр

02.11.2026ж. 19:00
Ақсу қаласында көпқабатты 4 үйдің тұрғындары кәріз иісіне тұншығып отыр

Павлодардың Ақсу қаласында көпқабатты 4 үйдің тұрғындары кәріз иісіне тұншығып отыр. Жертөле кәріз суына толып тұр. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тұрғындар бұл мәселені 4 жыл бойы айтып келеді. Алайда, шешілер түрі жоқ. Амалы таусылған тұрғындар арнамыздан араша сұрады. 

Бұл баспанаға 4 жыл бұрын  тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, мүгедек және жетім балалар қоныстанған. Бастапқыда бәрі жақсы болғанмен, уақыт өте келе кәріз жүйесі сыр беріпті. 

ҚАРАҚАТ САҒИДОЛДАҰЛЫ,  АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

3 ай ма 4 ай ма норм тұрдық. Содан бастап подвал вообще су. Жаз болғанда тіпті ана әйнектерді аша алмайсыз. Балкондар жабық тұрады. Иіс қоңсы деген вообще. Крыса деген толып кетті. 

Тұрғындардың сөзінше, үйдің кәріз құбыры орталық құдыққа қосылмаған. Жиналған арам суды насос арқылы құдыққа құяды. Кейде насос істен шығып, тұрып қалатын кез көп.  Сол себепті жиналған кәріз суы жертөлеге жайылған.  

МАРИЯ ПИРОГОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 Бізге бұрынғы әкімдер кәріз жүйесін орталық коллекторға қосамыз деген. Алайда, екі апта өткен соң болмайды - деп берген уәделерін орындамады. Жертөле үнемі суға толып тұрады. Қыс болсын, жаз болсын су кетпейді. Соның кесірінен подъезд сасып тұр. 

ҚҰРМЕТБЕК ШЕРХАНҰЛЫ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ешкім сол суды скачать етіп жатқан адам жоқ.  Сол қалпы тұр. Содан бері 3 әкім ауысты. Үш әкімнің үшеуі де обай қарық қыламыз, өйтеміз, бүйтеміз деген. Күні бүгінге дейін сол су сол қалпы тұр. 

Тұрғындар иістен бөлек, үйдің сапасыздығына да шағымданды. Айтуларынша,  соңғы қабаттағы пәтерлердің төбесінен су ағады. 

АЛЬМИРА АЙТМҰҚАНОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің 6 балам бар. Көпбалалы анамын. Жыл сайын осы мәселе бойынша шағым жасаймын. Бесінші қабатта тұрамын. Пәтердің төбесінен су ағады. Қаншама рет жөндеу жасадық. Бәрібір ештеңе өзгермеді. Жаңбыр жауса болды су ағады. 

Ал үйге қызмет көрсетуші мекеме тұрғындардың өзін кінәлайды. Сөзінше, халық кәріз желісіне түрлі тыйым салынған заттар тастайды. Сол себепті  насос жиі бітеліп қалады дейді. Ал кәріз құбырын орталық құдыққа тура қосуға қашықтық кедергі болағанын жеткізді. 

ҚҰМАР ИБРАЕВ, «АҚСУ СУ» АРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Прямой қоспаған себебі мына жерде канализационный коллекторлар алыс қашықтықта тұр. Оның уровені жарамады олардың уровеньі келмеді. Сондықтан оған КНС қойды. Осы 4 үйге КНС қойды. Басқа проект жасау керек. Оны келесі жылға әкімшілік бағдарламаға қойған. 

Қала әкімдігі 4 үйді жеке кәріз желісіне қоспақ. Ол үшін жаңадан жоба жасап, бюджет мақұлдауын күтпек. Ал қаражаттың қашан бөлінері әзірге белгісіз. Белгілісі тұрғын үйдің кәріз желісі әу баста дұрыс жасалынбаған.