$453.87 €508.33 ₽5.65

"Қарызсыз қоғам" жобасы аясында 51 мыңнан аса адамға көмек көрсетілді

AstanaTV
02.11.2026ж. 19:00
"Қарызсыз қоғам" жобасы аясында 51 мыңнан аса адамға көмек көрсетілді

Қордаланған несие мен төленбеген қарыз мыңдаған адамның ұйқысын қашырды. Көбі тығырықтан шығар жол банкроттық немесе төлемнен жалтару деп санайды. Алайда бұл мәселенің заңды әрі тиімді жолдары бар. «Қарызсыз қоғам» республикалық жобасы қаржылық қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетіп келеді. 

Қала тұрғыны Үрзада Сапарова осыдан біраз жыл бұрын банктен 500 мың теңге несие алып, уақытында төлей алмай қалған. Салдарынан пайыз үстіне пайыз қосылып, қарызы 1 миллион 535 мың теңгеге жетіпті. Түрлі есікті қағып, көмек таба алмаған ол  соңында «Қарызсыз қоғам» жобасына жүгінген. Мамандар оның құжаттарын толық зерделеп, барлығын заң аясында қысқа мерзімде шешіп берді.

ҮРЗАДА САПАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көңілімде қуаныш. Өзіме өзім сенбей жүрмін. Әйтеуір осындай жағдай болды ғой деп, өзіме өзім сенбей жүрмін. Рахмет! «Қарызсыз қоғам» жобасы жабылып қалмай, халыққа қызмет ете берсін.

Тығырыққа тірелгендерге көмектесу үшін  арнайы жүйе жұмыс істейді. Мамандарға 436 мыңнан астам адам хабарласқан.  80 мыңы колл-орталыққа бағытталды. Нәтижесінде 51 мыңнан аса азаматқа заңгерлік көмек көрсетілді

БЭЛЛА ЧИКАНОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: 

Банк немесе микроқаржы ұйымы болсын олардан қашпай, керісінше оларға жүгініп, өзіңіздің мәселеңізді айтып, оны растайтын құжаттарыңызды беріп жүгінсеңіз болады. Ол бізде заң жүзінде көрсетілген. Сіз өзіңіздің өтінішіңізді бересіз. Шама келетін сомаңызды көрсетіп жүгінсеңіз болады.

Кез келген адам банкроттық жариялай алмайды дейді мамандар. 1600 АЕК-ке дейінгі қарыз бен мүліктің жоқтығы соттан тыс банкроттыққа негіз болса, қалған жағдайлар сот арқылы шешіледі. Алайда бұл рәсімнің де 5 жыл бойы жаңа кредит алмау секілді қатаң салдары бар. Бүгінде  жоба азаматтарға заң аясында қолдау көрсетіп қана қоймай, қиындыққа тап болған әрбір отандасымызға ертеңгі күнге деген сенім мен тыныш өмір сыйлап отыр.