Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ресей Сирияға шабуыл соңы ауыр салдарға әкелетіні туралы ескертті

AstanaTV
10.04.2018ж. 20:00
4130
Ресей Сирияға шабуыл соңы ауыр салдарға әкелетіні туралы ескертті

Сирия төңірегіндегі шиеленіске қатысы тараптардың текетіресі шегіне жетті. Ресейді Дума қаласындағы химиялық шабуылға қатысы бар деп айыптаған АҚШ әскери шешімнің алдағы бір-екі тәулікте қабылданатынын мәлімдеді. Әзірге Американың Сирияға қашан соққы жасайтыны белгісіз. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынында Ресейдің тұрақты өкілі оның арты ауыр зардаптарға әкелетінін ескертті.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы әдеттегідей тартысқа толы болды. Тек бұл жолы "Скрипаль ісі" емес, Сирия мәселесі талқыланып жатыр. Дәлірегі осы елде химиялық шабуылға ұшырағандар жайы қаралды. Солсбери оқиғасынан ерекшелігі - мұнда тіпті нақты зардап шеккендер де жоқ. Бары әлеуметтік желілерде тараған бірнеше фотосурет қана. 

Никки Хейли, БҰҰ АҚШ тұрақты өкілі:

Ресей, егер қаласа, мағынасыз қырқысты тоқтатар еді. Алайда Асад режимін қолдап отыр. Өлген балалардың фотосуреттері Ресей үшін түкке тұрғысыз болып көрінуі мүмкін. Өйткені бұл ел өз ресурсын өзге нәрселерге жұмсайды.

Мұндай айыптауларға орай Ресей әскерилері Сириядағы шахардан адам өміріне қауіпті газдың белгілерін таппады. Химиялық қорғаныс саласының мамандары ауадан, топырақ пен судан сынама алған, жергілікті госпитальдарды да аралап шыққанға ұқсайды.

Александр Родионов, Ресей Қарулы Күштері химиялық және радиациялық қорғаныс бригадасы командирі:

Емдеу мекемесіне барғанда анықтағанымыз, зарин мен хлордан зардап шеккен бірде бір адам госпитальға түспеген. Жүйке жүйесін жансыздандыратын газдан улану белгілері де ешбір адамнан байқалмады.

Ал Дональд Трамп пен оның жақтастары үшін Сириядағы әскери қимылдар туралы болжам жасауға әлеуметтік желілерде тараған бірнеше фотосурет жеткілікті болып шықты.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Бұл сұмдық жағдай. Бұлай болмауы керек еді. Мұны жасаған Ресей ме, Сирия ма, немесе Иран ба, әлде барлығы бірлесіп жасады ма, ол жағын анықтаймыз. 

Сирияның БҰҰ тұрақты өкілі Башар әл-Жафари бұл жиынның алдын ала дайындалған ақпараттарға құрылғанын айтып қалды. Сондай-ақ ол Құрама Штаттарды Израильге қолдау көрсетті деп айыптады.

Башар әл-Жафари, БҰҰ Сирия бойынша тұрақты өкілі:

Америка әкімшілігі Израильді үнемі қолдап отырмағанда, мұндай агрессия болмас еді. АҚШ-тың қолдауына есірген Израиль бүкіл әлемдік қауымдастыққа қоқан-лоққы жасап бағуда. Батыс елдері өз мәлімдемелерінде Израильдің әрекетіне сілтеме жасамады. Демек, олар да бұл сұмдықтан шет қалмаған.

Ал ұйымдағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя Сирияға тиым салынған химиялық қару бойынша сарапшыларды жедел аттандыру керек деген пікірін айтты. Сирия билігі мен Ресей әскерилері оларға оқиға орнына кедергісіз жетуіне жағдай жасайды деді. Қысқасы, Трамптың "Сирияға қатысты әскери шешім шығарылады" деп уәде еткен мерзімінің аяқталуына бір тәуліктен астам уақыт бар.  Америкалық БАҚ Сирия жағалауларында АҚШ әскери кемесі жүзіп жүргенін жазып жатыр. Бұл «Дональд Кук» деген кеме 60 қанатты зымыранмен жарақтандырылған. 

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ Базаргүл ОТЫНШИЕВА