Жамбыл облысында жаңа туған
шарананы көлік терезесінен лақтырып жіберген әйелдің ақыл-есінің дұрыстығы
тексерілмек. Ол үшін күдікті Алматыға жөнелтіледі. Бұл туралы облыстық
прокуратура өкілдері айтты.
53 жастағы әйел бір айдан бері
облыстық жүйке аурулары диспансерінде тексеруден өткен. Сот-психиатриялық
сараптамасы оның бойында күйзеліспен қатар, бірқатар ауытқушылықтар бар екенін
көрсетті. Ал әйелдің ақыл-есі ауысқан ба, жоқ па, оған нақты көз жеткізу үшін, арнайы орталыққа жіберу керек деп шешім шығарылған.
Болат Мұстафаев, Жамбыл
облыстық прокуратурасының 2-ші басқарма прокуроры:
Күдіктіге нақты диагнозын анықтау үшін, оған
қатысты Алматының медициналық мекемелерінде стационарлық кешенді сот-психиатриялық сараптамасын жүргізу ұсынылған
болатын. Қазіргі таңда Байсеңгерееваның
психикалық жай-күйін анықтамағандықтан, қылмыстық іс сотқа жолданған жоқ.
Еске салайық, жантүршігерлік
оқиға «Тараз-Ақкөл-Саудакент» тас жолында 13 қаңтар күні болған еді. Талас
ауданы Үшарал ауылының 10-шы сынып оқушысы қалаға өгей анасымен бара жатып,
көлік ішінде босанып қалған. Оқушының анасы сәбиді көлік терезесінен лақтырып, салдарынан нәресте бақилық болды.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ