Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің жедел әрекеті мен "Антифрод-орталық" жүйесінің көмегімен интернет-алаяқтардың құрбаны болған әйелге келтірілген шығын толық өтелді, деп хабарлайды Astana TV.
Алаяқ Есіл ауданының 39 жастағы тұрғынына бейнеқоңырау шалып, өзін қаржы полициясының қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелдің атына белгісіз біреулер ірі көлемде несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын айтқан. Жалған қызметкердің сөзінше, бұған жол бермеу үшін әйелдің өзі «айна несие» рәсімдеп, қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуы қажет болған. Әйел бұған дейін интернет-алаяқтардың айла-тәсілдері туралы естігенімен, қаскөйлердің қызметтік киімі мен жалған куәлігіне сеніп қалған. Нәтижесінде 1 млн 380 мың теңге несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтар көрсеткен шотқа аударған.
Аталған аударым "Антифрод-орталық" жүйесінде алаяқтық белгілері бар операция ретінде тіркеліп, бұл туралы ақпарат автоматты түрде Есіл ауданының полиция бөліміне жолданған. Полицейлер хабарламаны тексеру барысында жәбірленушіні анықтады. Құқық қорғау қызметкерлерімен әңгімелескеннен кейін ғана әйел алаяқтардың арбауына түскенін түсінген. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полицейлер қаражат аударылған банк шотының иесін анықтады. Ол Астана қаласының жас тұрғыны болып шықты.
Кейін ол жәбірленушіге келтірілген 1 млн 380 мың теңге шығынды өз еркімен толық өтеген. Оның әрекетіне қатысты құқықтық баға тергеу барысында беріліп, дропперлік белгілерінің бар-жоғы тексеріледі.
Полиция мемлекеттік органдар мен банктердің шынайы қызметкерлері азаматтардан несие рәсімдеуді немесе ақшаны бөгде шоттарға аударуды талап етпейтінін ескертеді. Егер сізді несие алып, қаражатты басқа шотқа аударуға көндірсе, бұл – алаяқтықтың белгісі. Мұндай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты тиісті мекеменің ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/292117-soltustik-qazaqstan-turgynyna-alaiaqtan-13-mln-tenge-aqsasy-qaitaryldy