$444.3 €490.91 ₽5.41

"Автобусқа балалар арбасымен кіруге тыйым салынады" - министрлік жауап берді

AstanaTV
16.11.2026ж. 19:00
"Автобусқа балалар арбасымен кіруге тыйым салынады" - министрлік жауап берді

«Автобуста балалар арбасын алып жүруге тыйым салынады». Әлеуметтік желіде желдей ескен бұл ақпарат көп ананың наразылығын туғызды.  Бұл рас па? Қоғамдық көлікке арбамен кіретін ата-аналарға қандай жаңа талаптар енгізілмек? Министрлік не дейді? Әріптесім Назерке Алтынбектің материалында. 

Қоғамдық көлік -әрбір қала тұрғыны күн сайын пайдаланатын ортақ игілік. Алайда кішкентай баласы мен арбасын сүйреген ата-аналар үшін бұл  үлкен сынаққа айналып барады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Коляскамен тұрмын, 4 рет 53 автобус алмай кетті. 2 рет жарайды адам көп деп, ақтап алдым. Қалған екеуіне Е-Өтінішпен арыз жазып жібердім. Күннің суығында 2 сағат күттім.
- Квартира баламен алмайды, автобус баламен алмайды, такси баламен алмайды. Менде болды, айтарға сөз жоқ!
- Колясканы жинайм дегенше бір қолыңда бала автобус күтпей кетіп қалады ғой.

Әлеуметтік желіде  сәбилі жолаушыларды автобусқа мінгізбейтіні туралы шағым көп. Сондай-ақ, «Автобусқа балалар арбасымен кіруге тыйым салынды» деген ақпарат жұрт арасында лезде тарап, үлкен дүрбелең тудырды. Ата-аналардың наразылығынан кейін бұл мәселеге министрлік жауап берді.

ӘСЕЛ ЖАНАСОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, КӨЛІК МИНИСТРІ:

 Әлеуметтік желіде қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге қатысты өтініштер мен сауалдар түсіп жатыр. Осы мәселеге жеке өзім түсініктеме бергім келеді. Қоғамдық көлікте балалар арбасымен жүруге ешқандай тыйым салынған жоқ, салынбайды да.

 Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларындағы кейбір өзгерістер бұрыс түсіндірілген. Ведомство ереже талаптарын нақтылап, бұл бағытта қандай өзгерістер бар екенін хабарлады. 

Түрлі түсінбеушіліктер мен арыз-шағымдардан кейін Көлік министрлігі бұл қағидаларды қайта қарауға уәде берді. Ережелер екіұшты түсіндірілмейтін болып өзгертілмек.