Өлген адам емханаға барып, дәрігер қабылдауында болған. Ал еркектер гинекологтан кеңес алып жүр. МӘМС төңірегінде тағы былық шықты. Денсаулық саласында жүрген “пысықайлар” қор ақшасын жымқыру үшін марқұмдардың дерегін пайдаланып, тірі кезде де алмаған көмекті алды деп көрсеткен. Қордың құрылғанына 10 жыл болса да қордаланған мәселе неге азаймады? Депутататтар ұсынысы қандай? Құрылтай қабырғасынан Аружан Задабек хабар таратады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
МӘМС-тен мән кетті. Маза да кетті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру — «міндетті» дегені болмаса, өзі беретін қызметі көптің көңілінен шықпай-ақ қойды. Жұрт о бастан сенбеді, сескенді, қарсы болды. Соған қарамастан енгіздік. Жүйенің іске қосылғанына 10 жыл болды. Баяғы жартас, сол жартас дейді депутаттар. Әлі күнге дейін қарапайым сұраққа жауап жоқ. Не үшін төлейміз, не аламыз? «Сақтықта қорлық жоқ» дейтін едік жұрт сақтанып та ем ала алмайтын күйге түскен.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТ, “ӘДІЛЕТ” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жағдай қиындап барады. Тіпті, азаматтардың өз қалтасынан төленетін қаражаты жыл сайын өсіп жатыр.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
«Теңге берсек те тегін қарала алмаймыз!» де шырылдаға жұрт жыл сайын миллиардтарын МӘМС-ке аударады. Биыл да қалтасын қасып шығарған қаражат мөлшері азаймаған. 2024 жылы денсаулық сақтауға кететін жеке шығын 30,7 пайыз болса, былтыр 33,86 процентке жетті. Бұл, шамамен, 1,9 триллион теңге. Бірақ осы қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқаны құпия. Құдды бір беті жабық қазан сияқты. Қайнап тұрса да, қақпағын ашу қиын.
ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
2026 жылы 1 қаңтардан бастап тіркелген жұмыссыздар мен Д, Е санаттағы азаматтар үшін жарна жергілікті бюджеттен төленетін болған.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Министрлік өкілі мәселемен күресіп жатырмыз деп шимайын шатастаспай оқып берді. Бірақ депутататтар қағаздағы қарекетке күмәнмен қарайды. Ұйымға қатысты заңбұзушылықтың көптігі сонша тезистегі текстке сене салу қиын. Кейбір азаматтар емханаға бас сұқпаса да ақпараттық жүйеде “дәрігер қарауында болды” деп тіркелген. Бұдан да сорақысы, ер адамдар гинекологтың қарауында болыпты-мыс. Ол ол ма, о дүниеге аттанған марқұмдарға медициналық қызмет көрсетілді дегенді де естідік.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
МӘМС-тен мән кеткеннен кейін Қор Қаржы министрінің қарамағына көшкені есте. Одан бері нәтиже көрсетуге болатындай уақыт өтті. Осы аралықта Qalqan бірыңғай цифрлық платформаны іске қосылды. МӘМС 2.0 жүйесіне көшу бастады. Бұл – қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсетіп, бүкіл былықтың бетін ашуға бағытталған.
ДӘУРЕН ТЕМІРБЕКОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2,2 трлн теңге көлемінде трансферттер қарастырылған. Оның ішінде 1,6 трлн теңге медициналық қызметтерге ақы төлеуге, ал 600 млрд теңге жарна төлеуден босатылған азаматтардың 14 санаты үшін мемлекеттің жарналарын төлеуге бағытталған.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
МӘМС тақырыбына келгенде жемқорлықтың қозғалуы бірінші рет емес. Үш жылда 134 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, 57 адам сотталды.
Ал биыл 16 іс сот қарауына жіберілген.
ОЛЖАС БЕКТҰРОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ ЗАҢДЫЛЫҚТЫ ҚАДАҒАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Қаржыны жоспарлау мен пациенттерді сәйкестендіруде қателіктер болған. Яғни медициналық көмекті кім алғаны, қандай қызмет көрсетілгені және оған қанша ақша төленуі тиіс екеніне қатысты сәйкессіздік анықталған.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
МӘМС жүйесіне бюджеттен онсыз да қомақты қаржы бөлініп келеді. Енді мемлекет Қорға төлейтін жарнасын тағы арттырмақ. 2027 жылдан бастап мөлшерлеме 2,2 проуент өсіп, бюджеттен қосымша 67 миллиард теңге аударылуы мүмкін.
ГҮЛМИРА СӘБДЕНБЕК, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» КАҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Халықтың қалтасынан шығатын шығын азаймай отыр. Азаматтардың медициналық қызметке өз қалтасынан жұмсайтын ақшасы шамамен 30 пайыз. Бұл ДДСҰ көрсеткішінен 1,5 есе жоғары.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Елде 2,8 миллион адам сақтандырылмаған. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер олардың денсаулығы сыр берсе, тегін барып көмек ала алмайды. Демек, Қалтасында қаржысы жоқтың ауыруға да хақы жоқ. “Төрде” отырғандар осы мәселені қайта қараймыз деген тоқетерге келді. Әйтеуір қазан қайнап-қайнап, сорпасы сарылтып алмаса болды. Жауаптылар уәденің Құдай сөзі екенін ұмытпаса, мәселе 10 жыл дегенде, әйтеуір, шешіліп қалар.