«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Наимбекова білім беру ұйымдарына балаларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Astana TV.
«Әділет» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында «Аула, көше және мектепке барар жол қауіпсіз болады» деген міндет қойғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – балалар мен ата-аналар алдындағы басты жауапкершілік.
Депутаттың пікірінше, бүгінде балалар күн сайын балабақшаларға, мектептер мен спорт секцияларына тасымалданатынымен, мұндай тасымал кезіндегі қауіпсіздік талаптары мен мемлекеттік бақылау тетіктері әлі де жетілдіруді қажет етеді.
Мәтінде келтірілген деректерге сүйенсек, 2025 жылы жол-көлік оқиғаларынан 285 бала қаза тауып, 12 409 бала жарақат алған. Ал биылғы жылдың басынан бері 200-ден астам бала жол апатынан көз жұмған.
«285 бала! Бұл - жай ғана сан емес. Әр санның артында баласынан айырылған отбасының қайғысы тұр», — деп атап өтті депутат.
Ол өткен жылдардағы қайғылы оқиғаларды мысалға келтірді:
2023 жылғы қазанда Түркістан қаласында жеке балабақшаның тәрбиеленушілерін тасымалдаған жүргізуші бес жастағы баланы үйінің жанында түсіріп, кейін байқамай көлікпен қағып кеткен. Бала көз жұмды. Ата-анасы баласын балабақшаға сеніп тапсырғанымен, ол үйіне қайта оралмады.
2024 жылғы тамызда Ақтөбе облысында жарысқа бара жатқан бес бала, ал 2026 жылғы сәуірде Түркістан облысында тағы үш бала жол апатынан қаза тапты. Екі жағдайда да сапар туралы құзырлы органдарға алдын ала хабарланбаған.
Сонымен қатар, 2026 жылы полиция тексерген үш мыңнан астам мектеп автобусының шамамен 400-інен техникалық ақаулар анықталған. Ал қараша айының басында әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаның 12 орындық көлігіне 30-дан астам бала отырғызылғаны туралы ақпарат тараған болатын.
«Егер бұл ақпарат расталса, балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төнгенін білдіреді», — дейді депутат.
Осыған байланысты олар төрт бағыт бойынша нақты шешімдер қабылдау қажеттігін алға тартты:
Балаларды көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заң жүзінде бекіту.
Балаларды тұрақты тасымалдайтын көлік құралдарының бірыңғай тізілімін құру.
Министрліктердің құзыреті мен жауапкершілігін нақтылау.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмыс істейтін жекеменшік ұйымдарға да міндетті қауіпсіздік талаптарын енгізу.
Осы мәселеге орай олар Оқу-ағарту, Ішкі істер және Көлік министрліктерінен мыналарды сұрайды:
Балаларды ұйымдасқан және тұрақты тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автомобиль көлігі саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, бірыңғай көлік тізілімін қалыптастыру және жол-көлік оқиғаларын жеке есепке алу мен талдау жүйесін енгізу;
Жүргізушілер мен балаларды алып жүруге жауапты тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан нақтылау;
Балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейту, министрліктердің өзара іс-қимыл тәртібін, ақпарат алмасу тетіктерін және осы шараларды орындау мерзімдерін айқындау.
«Біз бұл мәселені жаңа талаптарды көбейту үшін емес, балалардың өмірін сақтау үшін көтеріп отырмыз. Әрбір баланың өмірі бірдей құнды! Баланың қауіпсіздігі ұйымның мемлекеттік немесе жекеменшік болуына, тасымалдың ақылы не тегін болуына байланысты болмауға тиіс», — деді депутат.