$443.96 €487.73 ₽5.38

Арман Хайруллин: Каспий теңізі бақыланбайтын аймаққа айналды

18.11.2026ж. 13:19
Арман Хайруллин: Каспий теңізі бақыланбайтын аймаққа айналды
фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Хайруллин Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Каспий теңізін сақтауға бағытталған экологиялық шаралар бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Astana TV.

Депутат өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші Каспий экологиялық саммитінде теңіздің тартылуы үлкен экологиялық әрі экономикалық дағдарысқа ұласқанын атап өткенін еске салды. Мәселен, соңғы 25 жыл ішінде теңіз акваториясы 16 мың шаршы шақырымға қысқарған. Солтүстік Каспийдің құрғаған аймақтарында шаңды дауылдар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауыны» түрінде жауа бастады. Бұл мәселені шешу үшін Арал теңізі тәжірибесіне сүйеніп, кепкен аумақтарға фитомелиоранттар егу қажет. Мәселен, Әлихан Бөкейхан атындағы институт Атырау өңірін шаңды дауылдан қорғау жобасын әзірлеу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынғанымен, бұл қаржы әлі қарастырылмаған.

Сонымен қатар Каспийдің биологиялық әралуандылығы апатты жағдайға жеткен.

“Теңіздің қазақстандық бөлігінде бекіре тұқымдас балықтардың биологиялық сыйымдылығы 1 миллион тоннадан небәрі 5,9 мың тоннаға дейін түсіп, әлеуеті 99,4 пайызға азайған. Кәсіпшілік қара балық көлемі соңғы 6 жылдың өзінде 29 пайызға қысқарған. Ал Каспий итбалығының саны ХХ ғасырдың басындағы 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған”,- деді депутат.

Бұған браконьерлікпен қатар шельфте көмірсутектерді ауқымды түрде өндіру де кері әсерін тигізуде. Хайруллиннің айтуынша, қазіргі таңда Каспий Экология министрлігі үшін толықтай «соқыр және бақылаусыз аймаққа» айналған. Теңіз бетінде ауа мен су сапасын бақылайтын бірде-бір стационарлы станция жоқ, ал «Қазгидромет» мониторингті тек жағалаудағы 50 нүкте арқылы ғана жүргізеді.

«Қашаған» сынды ірі кен орындарын игеру мемлекетіміз үшін маңызды екенін атап өткен депутат, мұнай өндіретін аралдардың маңына экологиялық бақылау бекеттерін орнату кезек күттірмейтін міндет екенін айтты. Себебі елімізде жұмыс істейтін ірі табиғат пайдаланушылардың экологиялық жауапкершілігі мен сақтандыру көлемі әлі де тым мардымсыз.

“Ірі кәсіпорындардың міндетті экологиялық сақтандыру көлемін анықтау туралы сауалдарымызға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлі күнге нақты жауап берген жоқ. Алайда Конституция мен Экологиялық кодекске сай бұл ақпарат қоғам үшін ашық болуы тиіс”, - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы құрылған «Каспий теңізі» ғылыми-зерттеу институты қазіргі таңда қаржылық қиындықтарға тап болып отыр. Институт Каспийдің экологиялық сезімталдылық картасын жасап, жұмысын сапалы атқаруы тиіс.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен мына шараларды жүзеге асыруды талап етті:

  1. Солтүстік Каспийде фитомелиорация арқылы шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеп, қаржыландыруды шешу;

  2. Каспий теңізіндегі кен орындарының маңында мемлекеттік стационарлы бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын жасау;

  3. Ірі компаниялардың экологиялық сақтандыру сомаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету;

  4. 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттен «Каспий теңізі» ҒЗИ-ын тұрақты түрде тиісті деңгейде қаржыландыру.

Каспийді келер ұрпақ үшін көзіміздің қарашығындай сақтап қалу - ортақ парызымыз!  – деп түйіндеді сөзін Арман Хайруллин.