$455 €498.77 ₽5.56

WADA Құрылтайшылар кеңестеріне Астанаға FEI Президенті Ингмар Де Вос келді

22.11.2026ж. 18:00
WADA Құрылтайшылар кеңестеріне Астанаға FEI Президенті Ингмар Де Вос келді
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Дүниежүзілік кеңесінің жиынына Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Президенті Ингмар Де Вос ресми сапармен келді, деп хабарлайды Astana TV.

Бұл сапар Қазақстанның халықаралық ат спорты қауымдастығымен ынтымақтастығын нығайтуға, елдің әлемдік ат спорты кеңістігіндегі әлеуетін арттыруға және өзара серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін FEI-мен ынтымақтастық – ат спорты саласын дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі. Соңғы жылдары еліміз халықаралық байланыстарды кеңейтіп, ұлттық федерацияның институционалдық әлеуетін нығайту және спортшылардың халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндіктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Атап айтқанда, ұлттық құраманың 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарына қатысуы, FEI аясындағы халықаралық жарыстардың өткізілуі және конкурдан Еуразиялық лиганың іске қосылуы – отандық ат спортының дамуындағы маңызды кезеңдер.

Сапар аясында тараптар алдағы ынтымақтастықты дамыту, халықаралық спорт күн тәртібі, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, ұлттық федерацияларды қолдау және қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылауға басымдық береді.

Қазақстан халықаралық әріптестік, кәсіби стандарттар мен ұзақ мерзімді стратегия негізінде ат спортының дамуына жаңа серпін беруді көздейді.