$455 €498.77 ₽5.56

Алматыда балалар арасында вирустық инфекция таралып, ауруханаға түсіп жатыр

AstanaTV
23.11.2026ж. 19:00
Алматыда балалар арасында вирустық инфекция таралып, ауруханаға түсіп жатыр

Алматыда балалар арасында вирустық инфекция таралып, ауруханаға түсіп жатыр. Ата-аналар әлеуметтік желіде ауруханалардың қабылдау бөлімінде ұзын-сонар кезек пайда болып, ал кейбір медициналық мекемеде бос орын табу қиындағанын жазып жатыр. Қалада қандай вирус өршіп тұр? Ахуал шынында күрделі ме? Тілшіміз анықтады. 

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Қаладағы балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы алдында тұрғанымызға жарты сағаттай уақыт болды. Осы аралықта әр 5 минут сайын жедел жәрдем кіріп-шығып жатыр. Бұл шаһардағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін аңғартады.

Соңғы күндері қала емханаларында науқастар саны күрт көбейді. Тұрғындар қандай вирус тарап жатқанын сұрап, желіде қабылдау бөлімінде 50 адамнан кезек тұрғанын көрсетіп бейнежазба жариялады. Әсіресе, ауру жұқтырған балалар көп дейді. Балалардың дене қызуы 39–40°C-қа дейін көтеріліп, бірнеше күн бойы түспеген, кейбірінің құсу, іш өту және әлсіздік белгілерімен ауруханаға түсіпті.

БЛИЦ- САУЛАНАМА:

- Мектепке барып келді, ауырып келді уже, әлсіреп тұрмын деп. Температурасы 39-39,5 болды, сомен шақырып жатқызуға тура келді. Очередь болды, мен айттым орын болмаса жатпай-ақ қойсын, алып кел үйге деп.

ТҰРҒЫН:

2 жасар немерем құсып, қызуы көтеріліп, жедел жәрдем 2 рет шақырттық. Бастапқыда жатқызудан бас тарттық, екінші рет келістік, себебі оны үйде қалдыру қауіпті болды. Иә, аурухана толы екенін естіп жатырмын. Дәлізге қосымша төсектер қойылыпты. 

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Басқарма мәліметінше, қалада ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсуіне байланысты балаларды емдеуге арналған төсек-орын саны арттырылып жатыр. Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында бүгіннің өзінде 72 қосымша бос төсек-орын қойылды. 

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:

Дүрбелеңге ешқандай негіз жоқ. Аурухана жұмысы тұрақты бақылауда. Қабылдау бөлімшелеріне түсетін жүктемеге күн сайын мониторинг жүргізіліп, кезекші дәрігерлермен қамтылуы бақыланады.

Басқарма өкілдері ата-аналардың көбі емханаға бармай, бірден стационарлардың қабылдау бөлімшелеріне жүгінетін атап өтті. Әсіресе, түнгі уақытта амбулаториялық ұйымдар қабылдау жүргізбеген кезде ауруханаларға түсетін жүктеме артқан. Қазір инфекционист-дәрігерлер тәулік бойғы кезекшілікте. Дәлізде жатқан науқастар да жоқ дейді.