«Атамекен» ұлттық палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап, бизнес мүддесін мемлекеттік деңгейде ілгерілету жұмысын жалғастыруда. Былтыр ұйымның қатысуымен 1600-ге жуық кәсіпкердің өтініші оң шешіліп, 44 млрд теңге көлеміндегі құқығы қорғалған. Сонымен қатар кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, жаңа клиенттер мен серіктестер табуға мүмкіндік беретін цифрлық платформаларды дамытып келеді. Мәселен, Business Go жүйесінде ай сайын 3 мыңнан астам пайдаланушы тіркеліп, онлайн-касса, тауар есебі, акциздік маркаларды тексеру және клиенттермен жұмыс істеу сервистерін бір жерден пайдалана алады. Ал Atameken Business Connect платформасы 12 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісін қамтып, компанияларға тапсырыс берушілерді, жеткізушілер мен іскерлік серіктестерді табуға көмектеседі.
ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ:
Кеңеске 300-ден астам бизнес өкілі және мемлекеттік органдардың 100-ге жуық өкілі қатысты. Жалпы есеппен 150-ден астам проблемалық мәселелер қаралды. 3 сағат бойы ашық пікір алмасып, кәсіпкерлердің ең өзекті мәселелерін талқылады. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі экономиканың нақты секторында қызмет ететін бизнестің проблемаларына қатысты.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы аясында өңірлерде отандық өнімді ілгерілету жөнінде 50 меморандум жасалып, сауда сөрелерінің кемінде 30%-ы қазақстандық тауарларға бөлінді. Ал мемлекеттік сатып алуларда жеткізу мерзімі 15 күннен 60 күнге дейін ұзартылып, алдын ала төлем 50%-ға дейін ұлғайтылған. Палата еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау үшін дуалды оқытуды дамытуда. Қазір бұл жүйеге 11,7 мыңнан астам кәсіпорын мен 519 колледж қатысып, 137 мыңнан астам студент білім алуда. Бағдарлама түлектерінің 85%-ының жұмысқа орналасуы кәсіптік білім мен өндіріс арасындағы байланыстың тиімділігін көрсетеді.