2029 жылға дейін Ұлытау облысында 58 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы, инфрақұрылымды жаңғырту және сұранысқа ие мамандарды даярлау – қазір еліміздің әр өңірінде талқыланып жатқан Мемлекет басшысының бастамаларының бір бөлігі. «Әділет» партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен, оқытушылармен және студенттермен кездесіп, Президент Жолдауында көзделген өзгерістер мен олардың қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндіруде.
Ұлытау облысының тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Жезқазғанда конгресс-орталық, университет, инклюзивті спорт және әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылысы басталып кетті. Өңірді дамыту перспективалары бүгін «Әділет» партиясы өкілдерінің №4 жалпы білім беретін мектепте өткен кездесуінде талқыланды. Әсіресе тұрғын үй құрылысы, инженерлік желілерді жаңарту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелеріне баса назар аударылды.
ЕРЛАН МЫРЗАБЕКОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздегі болатын өзгерістерді, келешектегі даму жоспарын түсіндіріп өттік. Атап айтқанда, онкологиялық орталық салынып жатқан, поликлиника, Бином мектебі, салынатын Жезқазған-Қарағанды жолы бар. Қала ішіндегі аулалық жолды есептемегеннің өзінде көптеген мәселелер өз шешімін табатын болады.
Ал Алматыда білім беру саласының болашағы талқыланды. Партия өкілдері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары және студенттерімен кездесті. Жиында алдағы жылдары сұранысқа ие болатын мамандықтар мен еңбек нарығындағы өзгерістерге білім беру жүйесінің бейімделуі сөз болды. Сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу және ғылымды дамыту мәселелері қозғалды. Мұндай кездесулер жастарға Президент бастамаларымен танысып қана қоймай, елдің болашағына қатысты өз пікірлерін білдіруге де мүмкіндік береді.
АЙНҰР МҰҚАЖАНОВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, АЛМАТЫ МЕМЛЕКЕТТІК БИЗНЕС-КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Президент Жолдауындағы басты басымдық – адам және оның әл-ауқаты. Әсіресе ғылым мен инновацияны дамыту маңызды. Соның ішінде жасанды интеллектіні жоғары білім беру жүйесінде қолдану мәселесі өзекті. Бүгінде әр адам жасанды интеллектіні пайдалануды меңгеруі керек. Сонымен қатар экономикадағы өзгерістерге сай жаңа кадрлар даярлау қажет. Қазіргі технологиялық әлемде сұранысқа ие мамандарды қазірден бастап дайындауымыз керек.
Атырауда Президент бастамаларын талқылауға еңбек ұжымдары да қатысты. Партия мүшелері «Магистральдық су құбыры» және «KEGOC» кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Бұл сала мамандары үшін энергетикалық және су қауіпсіздігі, инфрақұрылымды жаңғырту мен өңір экономикасын әртараптандыру мәселелері айрықша маңызды. Ашық пікір алмасу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша түсініктеме алды.
ҚУАНДЫҚ ЖАҚИЯЛИЕВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұның ішінде көп қызықтыратыны — халықтық құрылыс. Яғни, сол құрылысқа халықтың барлығы бірдей атсалысып, соны талқылауға мүмкіндік алып отыр. Осыған байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану және де осы денсаулық сақтау саласына, білім саласына қатысты.Жолдауды насихаттау кезінде көптеген сұрақтар қойылып, оларға байыпты түсінік берілген болатын».
«Әділет» партиясының өкілдері Президент Жолдауын түрлі сала мамандарымен талқылауды жалғастыруда. Студенттер мен оқытушылардан бастап стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардың қызметкерлеріне дейін қамтылған. Бұл жұмыстың маңызды бөлігі – халықпен кері байланыс орнату, азаматтардың ұсыныстарын тыңдау және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің әр өңірдің қажеттіліктеріне сай орындалуын талқылау.