$458.85 €503.5 ₽5.59

Халық өтінішінен заңнамалық шешімге дейін: «Әділет» үгіт-насихат науқанын қорытындылады

27.11.2026ж. 19:00
Халық өтінішінен заңнамалық шешімге дейін: «Әділет» үгіт-насихат науқанын қорытындылады

«Әділет» партиясы сайлауалды штабтардың жұмысын түйіндеді. Бір айдың ішінде 5 миллион 600 мың тұрғынды қамтитын 106 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен қорытынды отырыста атқарылған істердің нәтижесі айтылып, алдағы мақсаттар айқындалды. Жиынға Құрылтай депутаттары, партия өңірлік филиалдарының басшылары мен партия активі қатысты. 

Биылғы жыл ел тарихы үшін маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттің басқару жүйесін ғана емес, тұтас қоғамды қамтитын ауқымды өзгерістер жалғасын тапты. Оның ішінде, басты оқиға - жаңа Конституцияның қабылдануы. Партия төрағасы құжаттың маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының Жолдауда  айтылған міндеттердің мазмұнын талдады. Айбек Дәдебай бұл өзгерістер ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған дейді.
 
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөнінде арнайы кеңес құрылды. Алдағы уақытта партия атынан сайланатын мәслихат депутаттары мен Құрылтайдағы әріптестеріміздің байланысын барынша нығайтамыз. Өңірлерде көтерілген өзекті мәселелер Құрылтай мінберіне жетіп, қажет болған жағдайда Заңнамалық тұрғыдан шешімін табады. Ал қабылданған заңдар мен мемлекеттік бастамалардың жергілікті жерлерде тиімді жүзеге асырылуына мәслихат депутаттары да белсенді атсалысуы қажет. Осылайша орталық пен өңірлер арасындағы байланысты сапалы түрде күшейтіп, халықтың талап-тілегін тез әрі нақты іске айналдыратын тиімді жүйені қалыптастырамыз. 

Ендігі міндет – мәслихат сайлауы. Бұл - еліміздегі конституциялық реформалар мен саяси жаңғырудың жалғасы. «Әділет» партиясы барлық деңгейдегі мәслихат сайлауына партиялық тізімдер мен бірмандатты сайлау округтері бойынша 3 817 кандидат ұсынды. Бір айда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы ел тұрғындарынан 5 мыңнан астам ұсыныс-тілек келіп түсті. 5,6 млн адамды қамтыған 106 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасы өткізілді. 

АСХАТ ОРАЛОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Науқанды өткізу үшін 20 аймақтық және 226 аумақтық штаб құрылды. Оның құрамында 6,5 мың адам табанды жұмыс жасады. Өңірлік конференцияларда барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізім және бірмандаттық округтер бойынша 3817 кандидатымыз ұсынылды. Олардың дайындық деңгейін арттыруға да ерекше басымдық берілді. Осы мақсатта партия мүшелері кандидаттар мен олардың сенімді өкілдеріне арналған оқыту семинарлары өткізілді. 

Партия, сонымен қатар, Президент Жолдауын түсіндіру аясында түрлі кездесу өткізді. Қазақстанның барлық өңірінде жалпы саны шамамен 1 млн адам қамтылған 28 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Құрылтайдағы «Әділет» фракциясының 32 депутаты барлық өңірді аралады. 3562 бастауыш партия ұйымында тұрғындармен кездесу өтті. Ал «Bir Tolqynda» жастар диалог алаңдары мыңдаған жас қазақстандықтың басын қосты. Құрылтай нәтижесі де қуантады. Сессия басталғалы 19 заң қабылдады, тағы 37 заң жобасы қаралып жатыр. Айта кетейіу, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді.