$458.85 €503.5 ₽5.59

«Әділет» партиясы өңірлерді аралап, Президент Жолдауындағы міндеттерді түсіндіруде

AstanaTV
27.11.2026ж. 19:00
«Әділет» партиясы өңірлерді аралап, Президент Жолдауындағы міндеттерді түсіндіруде

«Әділет» партиясы өңірлерді аралап, Президент Жолдауындағы жаңа экономикалық және технологиялық міндеттерді елге түсіндіруде. Назар инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және алдағы ауқымды құрылыс жылы аясында қолға алынатын «Халықтық құрылыс» жобасы болды. Бұл бастамалар жергілікті жерде қалай жүзеге асады? Бүгін осы мәселе Астана, Ақтау және Түркістан облысындағы еңбек ұжымдары мен студенттер арасында кеңінен талқыланды. 

 Ақтауда «Әділет» партиясы және жастар қанатының бастамасымен «Bir tolqynda» диалог алаңы өтті. Басқосуға 150-ге жуық белсенді жас жиналды. Күн тәртібіндегі басты мәселе - Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы. Ал Түркістан облысында әлеуметтік кепілдіктер мен ауылды дамыту жайы кеңінен сөз болды. Партия өкілдері Ордабасы ауданы, Ұялыжар ауылындағы «Бақжан АйтНұр» шаруа қожалығына арнайы барды. Бөржар ауылдық округінің еңбеккерлерімен жүздесуде агросекторға жаңа технологияларды енгізу, отандық өндірушілерді қолдау және тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселелері пысықталды.

 БОСТАНДЫҚ ЖӘКЕЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жолдауда жалпы дәрігерлер мен мұғалімдерге қатысты өзекті мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы айтылды. Бұл да халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыруға зор серпін береді деп ойлаймын. Жұртшылық бұл бастаманы жылы қабылдады. Сондықтан Президент жүктеген міндеттерді елге дұрыс жеткізіп, ортақ іске жұмыла қолдау көрсетуіміз маңызды.

Ал елордада Президент Жолдауы №4 автобус паркінің ұжымына түсіндірілді. Жұмысшылармен Байқоңыр аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен «Әділет» партиясы жанындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі кездесті. Жиында ортақ нәтижеге қол жеткізу үшін әр маманның өз ісіне деген жауапкершілігі маңызды екені айтылды.

 ЕРНАР ОМАРОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ КИКБОКСИНГ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 Ең алдымен, жаттығу залында шәкірттеріме үнемі айтатын ойымды осындағы мамандарға да жеткізгім келді. Айналаңды өзгерткің келсе, ең әуелі өзіңнен баста. Елімізде әрбір азамат өз ісінің нағыз шебері болуы тиіс. Яғни, біз бір үлкен тетік сияқты біртұтас жұмыс істеп, бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек.

 Партия мүшелері мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл реформалардың мәнін әрбір тұрғынға түсіндіріп қана қоймай, жергілікті жерден түскен ұсыныстарды жинақтап, алдағы жұмыста ескеруге мүмкіндік береді.