Жалпыреспубликалық жиынға Құрылтай депутаттары, министрлік өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен еліміздің барлық өңірінен келген кәсіби қауымдастық мүшелері қатысты, деп хабарлайды “Әділет” партиясының баспасөз қызметі.
Жиында «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов заң шығарушылар, жауапты мемлекеттік органдар мен медицина қауымдастығы арасында ашық диалог орнатудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін нығайту – әрбір азаматқа қауіпсіз әрі сапалы медициналық көмек көрсетудің маңызды кепілі.

Заң жобасының бастамашысы Дана Медеуова жиын қатысушыларына арнаған сөзінде медицина қауымдастығы өкілдерімен сараптамалық кездесулер мен сауалнамалар өткізілгенін айтты.
«Бүгін біз еліміздің барлық өңіріндегі дәрігерлермен тағы да тікелей пікір алмасу үшін жиналып отырмыз. Сіздерді қандай мәселелер толғандырады? Заң жобасына қандай өзгерістер енгізу қажет деп санайсыздар? Осы сұрақтарға жауап іздеп, ұсыныстарыңызды тыңдағымыз келеді», – деді депутат.
Халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету үшін өңірлердегі өзекті мәселе медицина кадрларының тапшылығын шешу қажет. Бұл мәселе жөнінде Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Талғар Әбілов өз пікірін білдірді.

Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасы онкологиялық орталығының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі меңгерушісі Ермек Әбдіримов медицина қызметкерлерінің қоғамдағы беделін арттыру және еңбегін бағалау бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ жас мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына қолайлы жағдай жасауға назар аударды.
Бұл пікірді Шығыс Қазақстан облысынан келген жоғары санатты акушер-гинеколог Надира Слямханова да қолдады. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етіп, қоғамда дәрігер мамандығына құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды.

Алматылық сарапшы Айгүл Шалбаева медицина қызметкерлерінің кәсіби беделін қорғау мәселесін көтерді. Ол дәрігерлерді негізсіз сыннан және интернеттегі қудалаудан заң жүзінде қорғауды ұсынды.
Кездесуге қатысушылар салаға білікті мамандарды тарту және олардың тұрақтап жұмыс істеуі үшін ең алдымен медицина мамандығының мәртебесін көтеру қажет деген ортақ пікірге келді.
Талқылауда медицина қызметкерлерінің жұмысын бағалау тәртібін жетілдіру және бұл мәселеде әділдік қағидатын сақтау жайы да қозғалды.
«Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің төрайымы Татьяна Булгацевич дәрігердің кәсіби дербестігін заңмен бекітуді ұсынды. Оның пікірінше, дәрігер медициналық көмек көрсету кезінде өз білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, дербес шешім қабылдауға құқылы болуы керек.
Астана қаласындағы №5 қалалық емхананың директоры, жоғары санатты дәрігер Алтыншаш Табулдина медицина қызметкерлерінің іс-әрекетін сараптау кезінде әділ бағалау қажеттігіне тоқталды. Ол мұндай сараптамаға тиісті сала мамандарын тартуды ұсынды. Сонымен қатар дәрігердің жауапкершілігін бағалағанда оның жеке әрекетімен бірге медициналық көмек көрсетілген жағдайлар мен денсаулық сақтау жүйесіндегі ұйымдастырушылық мәселелерді де ескеру қажет екенін атап өтті.
Сарапшылар заңнаманы жаңарту медицина қызметкерлерінің жұмысын ашық, кәсіби және әділ бағалауға мүмкіндік беруі керек деген ортақ ұстаным білдірді.
Баяндамалардан кейінгі пікір алмасу барысында қатысушылар медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен құқықтық кепілдіктері туралы заң әзірлеу бастамасы үшін депутат Дана Медеуоваға алғыс айтты. Олардың пікірінше, бұл заңның қабылдануы пациенттердің мүддесін қорғауға, медициналық көмектің сапасын арттыруға және азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Дөңгелек үстел соңында заң жобасының бастамашысы мазмұнды пікір алмасу мен белсенді ұсыныстары үшін қатысушыларға ризашылығын білдірді. Ол мамандар көтерген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы зерделеніп, құжатты одан әрі пысықтау кезінде ескерілетінін айтты.
«Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жаңа заңды мүмкіндігінше тезірек қабылдау қажет деп санаймыз», – деді Дана Медеуова.

