Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағандыда өрттен баспанасыз қалған отбасыларға қайырымды жандар үй салып бермек

AstanaTV
26.04.2018ж. 20:00
2305
Қарағандыда өрттен баспанасыз қалған отбасыларға қайырымды жандар үй салып бермек

Қарағандыда баспаналары өртеніп кеткен 8 отбасына қайырымды жандар жаңа үй салып беретін болды. Игі бастаманы қайрымдылық қоры қолға алған. Тәуелсіз ұйым құрылысқа кететін 58 млн теңгені еш қайтарымсыз мойындарына алып отыр. Қазір туыстарының үйлерін паналап жүрген жапа шегушілердің қуанышында шек жоқ.

Светлана Татиева, жапа шегуші:

Өрт наурыздың 7- сі күні, мереке қарсаңында болды.  Мұржадан шыққан ұшқын қатты желдің әсерінен шатырды тұтандырған. Бәріміз далада қалған соң қалалық, облыстық әкімдіктерден, «Нұр Отан» партиясынан көмек сұрадық. Міне, соның нәтижесі. Алғашында сенбеген едік, енді бір үміт пайда болды.

Жобаға «Нұр Отан» партиясының белсенділері мен «Жас Отан» жастар қанаты да қатысады. Студенттер өртенген үй қалдықтарын жинап, қоқыстан тазартуға көмектеспек.  Кешікпей екі қабатты ғимарат сүріліп, оның орнына 3 қабатты жаңа үй салынады. Қор өкілдері тұрғындар қыркүйек айында жаңа баспаналарына көшеді деп отыр. Оқыс оқиға қайталанбау үшін жеке қазандық салынбақ. Сондай-ақ қосымша тағы 4 пәтер салынып, оның екеуі дауыс беру арқылы қайырымдылық шарасына қатысқан баспанасыз белсенді жастарға берілмек.

Көңілбай Шөкенов, «ASYL ADAM» қайырымдылық қорының негізін қалаушы:

«Бұл жерде асыраушысынан айырылған отбасы бар. Бұл жерде мүгедектер отбасы бар. Үйлері өртенген отбасылар өздерінің шаршы метрлерін қысқартпайды, сақтаған қалпы өздеріне қайтарылады. Бұл жұмыс халықтың арқасында, елдің бірлігімен өтетін үлкен жоба».

Қадиша Оспанова, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

Мұндай қайырымдылық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға азаматтардың ат салысып жатқанын аңғартады. Бүгін «Бақытты отбасы» акциясы осындай ізгі іспен басталып отыр. Бұл біздің жастардың бойына адами құндылықтарды сіңіріп, қоғамды тәрбиелейді.