Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Аракс» танкеріне ие табылды

AstanaTV
03.05.2018ж. 20:00
2774
«Аракс» танкеріне ие табылды

Маңғыстаудағы Каспий теңізінің жағасында бір жарым жылдан бері иесіз тұрған «Аракс» кемесінің иесі табылды. Танкер ресейлік «Транс Каспий» компаниясының иелігінде болған. Бірақ маңғыстаулық шенеуніктер танкерді шығару туралы шағымын ресейліктер елеусіз қалдырыпты. Тоннаға тарта мұнай қалдықтары тиелген кемеден табиғатқа төнген қауіп орасан. Сондықтан осы мәселе бірнеше рет көтеріліп, ақыры облыстық бюджеттен мұнай қалдығын тазалауға 39 миллион теңге бөлінген еді. Тазалаудың алғашқы кезеңі былтыр желтоқсанда аяқталды. Екінші кезең биыл көктемге жоспарланған. Танкерде әлі 500 тоннадай мұнай қалдығы бар. Ресейлік «Транс Каспий» компаниясы бұл танкерді осыдан екі апта бұрын оралдық «Ай-Рай» ЖШС-ке сатқан көрінеді. Енді кемені тазалауға кеткен шығынды кімнің өтейтіні белгісіз. Ал табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары 5 мамырда құжаттармен танысатынын жеткізді. Олар танкердегі мұнай қалдықтарын тазалауды бақылап, ақшаны өндіріп алу ісімен де айналысады.

Асылбек Теңізбаев, «Ақтау және Баутино порттарының теңіз әкімшілігі» РМК бөлім басшысы:

Кеменің қайраңға отырған кезінен бері жиналған барлық материалдар зерттеледі. Бірақ бір жарым жылдан бері тұрғандықтан, ол жердің бәрін құм басып тастаған. Қазір олар ең алдымен кемені таяз жерден шығарып алмақшы. Егер мұны істей алмаса, жағаға сүйреп, бөлшектеп кесетін болады.