Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алматы айналасындағы 17 мореналық көлдің тасу қаупі бар - ТЖД

AstanaTV
04.05.2018ж. 20:00
3605
Алматы айналасындағы 17 мореналық көлдің тасу қаупі бар - ТЖД

Алматы маңындағы 17 мореналық көлдің тасу қаупі бар. Оның ішінде 4 көлдің төңірегінде әлі күнге тосқауыл жоқ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері айтты. Бүгінде моренді-мұздақты кешенде орналасқан көлдерді жою жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы селдің алдын алу үшін республикалық бюджеттен 90 миллион теңге бөлініп, жарылу қаупі бар 9 көлдің суын азайту жұмыстары жүрген. Арнайы сифон құбырлары мен сусорғылар қолданылып, 4 көл толық тазаланса, қалғандарының су деңгейі 9 метрге дейін төмендеген. 

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

Аэровизуалды тексеру үшін жұмыстар ұйымдастырдық. Тауларда қардың биіктігі 1 жарым метрді құрайды. Мореналық көлдердің барлығы қазіргі кезде қыстық режімде тұр. Маусым айынан бастап біз 7 мореналық көлді судан бостамыз деген жоспар бар. Қазіргі таңда дайындық іс-шаралары жүргізілуде.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қала маңында 36 мореналық, яғни мұздақтардың еріген суы жиналған, көл бар. Олар арнасынан асып, сел қаупін тудырмау үшін арнайы бағдарлама әзірленуде. Үш жылға жоспарланған жобада сел қауіптілігіне автоматты талдау жасайтын жүйені енгізу көзделген.  Биыл жобалық-сметалық құжаттар жасалса, 2019-20-шы жылдары көлдерге стансалар мен басқа да қажетті құрылғылар орнатылады.