Ақтөбелік Тұманбай Келбетов құжаттағы қателік салдарынан он жылдан бері сергелдеңге түсіп келеді. Жеке басы туралы мәліметтер әр жерде әр түрлі жазылғандықтан, сот белгілеген айыппұлды да төлей алмады. Енді сот шешімін орындамағаны үшін 50 тәулікке қамалуы мүмкін. Ол 2008 жылы қызмет бабымен жалған құжат пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Еңбекке жарамсыздық парағына туған жылын қате жаздырғаны үшін сот оны "жалған құжат дайындау" бабымен кінәлі деп тауып, 200 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген. Сот құжаттарын рәсімдеу кезінде туған жылы тағы қате толтырылады. Осының салдарынан айыппұлды уақытылы төлей алмадым деп отыр.
Тұманбай Келбетов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Құжатта 1982 жылғы 3-қазан деп тұр. Жалпы, тергеудің барлық сот шешімдерінің барлығы солай. Ал мен 1 шілде 1976 жылғымын. Яғни мен өз жылыммен сотталмағанмын, ешкімге, ештеңе борышкер емеспін. Сот орындаушысының құжатында мұндай адам ҚР жоқ дейді, бірақ дейді, кім борышкер деп, сотқа жолдайды да, соған байланысты қамауға алуды сұрап тұр ғой. Тек аты-жөніме бола ғана.
Ақтөбе қалалық соты Келбетовті айыппұл төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп тапты. Қате мәліметтер кейіннен қосымша қаулымен өзгертілген. Сот үкіміне сәйкес, ол енді 50 тәулікке қамалуы тиіс. Дегенмен айыпталушы сотқа апелляциялық шағым түсіріп үлгерген.
Анар Айтжанова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:
Ақтөбе қаласының №2 сотының 2008 жылғы 23-желтоқсанындағы үкімімен Келбетовке тағайындалған 200 АЕК айыппұл түріндегі жазаның өтелмеген мерзімі сот қаулысымен 50 күнге бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды.