Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шымкентте құлауға жақын тұрған мұнара қашан бұзылады?

AstanaTV
18.05.2018ж. 20:00
2261
Шымкентте құлауға жақын тұрған мұнара қашан бұзылады?

Шымкенттегі қорғасын зауытына тиесілі алып мұнара алдағы уақытта бұзылады. Бірақ оның нақты мерзімі әлі белгісіз. Сондай-ақ бұл іске қанша қаражат қаралатыны, жұмылдырылатын адам мен техника саны да есептелмеген. Теміржол маңында орналасқан биік мұржа айналаға айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Бізге белгілі болғанындай, алып құбыр әлі ресми түрде апатты деп танылмаған. Өңірдегі әріптесім Айзада Төребекқызы жалғастырады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Бұрынғы зауыт аумағында мынадай үш бірдей алып мұнара тұр. Әрқайсысының биіктігі 210 метр. Диаметрі 30 метрге жуықтайды. Егер бұлар құлайтын болса кішігірім жер сілкінгендей әсері болады, дейді мамандар.

Үш мұнараның да тозығы жеткен. Ал біреуі аса қауіпті. Кеңес кезінде тұрғызылған биік құбырлар кез келген сәтте құлап түсуі мүмкін. Өйткені, темірге қызыққандар ескі зауыттың мүлкін талан-таражға салып жатыр. Оны жергілікті тұрғындар түсірген мына бейнекадрлерден көруге болады. 

Мұнаралар құласа алдымен осы маңда орналасқан жеке тұрғын үйлер мен теміржол зардап шекпек. Ал осы маңдағы шойынжолдың үстінен өтетін аспалы көпірдің де әбден тозығы жеткен. 

Қамбарбек Сырманов,  Шымкент жол дистанциясының жол шебері:

Көпір құласа, трасса Алматы, Москва, мына жағы Ташкентке баратын темір жолдың бас трассасы, осы жолдан задержка болуы мүмкін. Бұл жерден мыңдаған, миллиондаған груз өтеді. Мыңдаған адам өтіп жатыр. өте қауіпті енді бұл. Любой уақытта құлап кетуі мүмкін.

Теміржолшылар басты жол болғандықтан жер үсті көпірін тездетіп бұзбаса болмайды деп отыр. Алайда, алып мұнараның да, теміржол үстінгдегі өткелдің де нақты қашан бұзылатыны белгісіз күйде қалып тұр.

Нұрдан Жарылқапов, Шымкент жол дистанциясының бас инженері:

Көпір біздің баланста жоқ. Ол осы қорғасын зауытының балансында болған. Қазір қорғасын зауыт жабылғалы бері оның несі залогта, банкте.  өз тарапымыздан бұза алмаймыз оны. Сондықтан төтенше жағдайлар, әкімшілік солардың бәрі бірігіп, сонан кейін барып шешіп шығарып, бұзбаса біз өз тарапымыздан бұза алмаймыз.

«Южполиметалл» АҚ-на тиесілі болған көпірді арнайы орындар қазір ресми түрде апатты деп таныған. Қалалық төтенше жағдайлар қызметі енді құлағалы тұрған мұнараға қатысты сараптаманы күтіп отырғандарын айтты 

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығы:

Қазіргі таңда ҚТЖ компаниясына біз хат жолдап, бірінші мәселе теміржол үстінен өтетін көпірді демонтаж жүргізуге арнайы хат жолдаймыз. Сонымен қатар мұржаның бұзылуына қанша қаражат бөлу және қанша жұмысшылар және техника жұмылдыру мәселесі бойынша алдағы уақытта белгілі болады.

Төтенше жағдай мамандары қазір қауіпсіздікті сақтау үшін тиісті мекемелерге хат жолдаған. Бірақ қанша ескерту берілсе де пайда көздегендер қауіпсіздікті елеп жатпаған секілді. 

Айзада Төребекқызы