Негізгі / Жаңалықтар / Еліміздің бірқатар өңірінде ІТ-сыныптар ашылды

Еліміздің бірқатар өңірінде ІТ-сыныптар ашылды

2020 жылға дейін елімізде мыңдаған тегін ІТ-сыныптары ашылады. Бұл «Нұр Отан» партиясының «Партиялық жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын бастама. Айта кетерлігі, ауқымды жобаны кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар қолдап отыр. 

Павлодар өңірі бойынша Екібастұзда алғашқы ІТ-сынып бөлмелері ашылды. Кеншілер шаһарында үш бірдей кабинеттің тұсауы кесілді. Курс маусымның 1-нен басталады. Үш айға созылады.  

Азиза Шужеева, "Лига юных программистов YBYRAI" ҚҚ жетекшісі:

Бұл бағдарлама сіздерге ұнайды деп ойлаймын. Ол өте жеңіл әрі ойын түрінде жасалған. Анимация және мультиктер болады. Сіздер бағдарламалаудың, шындап келгенде, өте оңай және қызықты екенін түсінесіздер.

Өңірде дәл осындай 15 ІТ-сынып ашылды. Соның бірі - Павлодар қаласындағы оқушылар сарайында. Онда 10 компьютер қойылған. Класс 8-16 жас аралығындағы балалар үшін жаз бойы жұмыс істемек. Оқушылар бағдарламалау мен робототехниканы тереңдетіп оқуға мүмкіндік алды.

Ақтау қаласында да кезекті ІТ-сыныптың тұсауы кесілді. «Нұр Отан» партиясы өңірде 35 кабинет ашуды жоспарлап отыр. Тек жұмыспен қамту орталығы арқылы 200 маманды даярлау көзделген.

Ал Ақтөбе облысында 20 ІТ-сынып ашу жоспарланып отыр. Бүгін қаладағы №9 мектеп-гимназияда ашылған сыныпқа 26 компьютер қойылыпты. Әрбірі 3Д принтермен, ұшқыр интернет және веб-бағдарламалармен жабдықталған. Ұстаздардың айтуынша, оқушылар жаңа технологияны 1 сыныптан бастап меңгереді.

Асылжан Бүркіталин, «Жас Отан» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:

3Д моделирование, программалау, робототехника, инженерия бағыттары бойынша балаларды оқытатын болады. Жобаның ең негізгі ұйымдастырушысы - «Нұр Отан» партиясы. Жаз мезгілінде бұл жақта тек осы мектептің балалары емес, мектеп жанындағы лагерьдің демалушылары да  келіп білім алуға мүмкіндігі болады.

Ал Қарағандыдағы тұңғыш ІТ сынып «Мұрагер» арнайы мамандандырылған мектеп-интернатында ашылды. Заманауи кабинетте оқушылар робототехника және бағдарлау негіздеріне үйренеді. Үздіктері республикалық, халықаралық ІТ стартаптарға қатысып, тың идеяларын дамытуға мүмкіндік алады. Оны жабдықтауға 4,5 млн теңге жұмсалған.

Қадиша Оспанова, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Олардың бірінші жоспары - бұл  балалар  факультативті сабаққа қатысып, жаңағы робототехникаға нақты үйренеді.  Әрбір ауданда біз осындай ІТ класстар ашамыз.

Кітапханаларда да осындай орталық ашып, оқытушылар дайындау көзделіп отыр. Оған жұмыссыз жастар тартылмақ. Жалпы елде 1000 тегін IT-сынып ашу жоспарланған. Оған 8-16 жас аралығындағы оқушылар қатыса алады. Жыл сайын 150 мың бала бағдарламалау мен робототехниканың қыр-сырын үйренбек. Жобаның бастамашысы - "Нұр Отан" партиясы. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ