$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«ҚазТрансОйл» компаниясы 2017 жылы дивиденд төлеуден рекордтық көрсеткішке жетті

AstanaTV
25.05.2018ж. 20:00
3828
«ҚазТрансОйл» компаниясы 2017 жылы дивиденд төлеуден рекордтық көрсеткішке жетті

«ҚазТрансОйл» компаниясы 2017 жылы дивиденд төлеуден рекордтық көрсеткішке жетті. Акционерлердің шешімімен бұл мақсатқа 61 млрд 541 млн теңге бағытталмақ. Айта кетерлігі, статистика «ҚазТрансОйлдың» дивиденд мөлшерлері жыл сайын артып отырғанын көрсетеді.

«ҚазТрансОйл» үстіміздегі жылдың 26-шы маусымынан бастап дивидендтер төлеуге кіріспек. 2017 жылы «ҚазТрансОйл»  өз акционерлеріне 59 млрд 617 млн теңге көлемінде сыйақы төлеген. Бір қарапайым акция үшін төленетін дивиденд 155 теңгені құрады. Ал биылғы мөлшері рекордтық межені бағындырды.

Димаш Досанов, «ҚазТрансОйл» АҚ басқарма төрағасы:

Дивидендтерді төлеу сомасы рекордтық көлемде болады деп отырмыз. Ол 61,5 млрд теңгені құрамақ. Яғни бір қарапайым акцияға 160 теңгеден келеді. Яғни қорытынды аса қуантып отыр. 2016 жылмен салыстырғанда өте жақсы жұмыс атқарылды.

Компанияның рекордты көрсеткішке жетуінің тағы бір себебі қара алтын тасымалы көлемінің айтарлықтай артуы болып отыр. Мәселен, 2017 жылы «ҚазТрансОйл» компаниялар тобына қарасты құбыр жүйелері бойынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдап, тиеу көлемі 58 млн тоннадан асты. Ол 2016 жылғы көрсеткіштен 1 млн 961 мың тоннаға көп. Ал компанияның өткен жылғы шоғырландырылған таза кірісі 50 млрд 117 млн теңгені құрады. Бұл 2016 жылдан 12,6 пайызға артық. Ұлттық оператордың жағымды жаңалықтары мұнымен шектелмейді.

Димаш Досанов, «Қазтрансойл» АҚ басқарма төрағасы:

Жақында «ҚазТрансОйл» Каспий құбыр консорциумымен техникалық қызмет көрсету, апаттық жөндеу жұмыстарына қатысты 5 жылдық ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды. Қазтрансойл Каспий құбыр консорциумына алғаш рет қызмет көрсеткелі отыр. Ол құбыр арқылы Қазақстан мұнайының үштен екі бөлігі тасымалданады. 

«ҚазТрансОйл» - Қазақстанның магистральды мұнай құбыры бойынша бірегей ұлттық операторы. Компанияға қарасты мұнай құбырының жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асады. Ол арқылы Еуропаға, Ресей мен Қытайға шикізат тасымалданады. Халықтық IPO қорытындысына сай, 2012 жылғы қараша-желтоқсан айларында еліміздің 34 мыңға жуық азаматы және 10 шақты жинақтаушы зейнетақы қоры «Қазтрансойлдың» акционері атанған.

Айгүл Әдепбай