Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Соңғы үш жыл мен 2018 жылдың екі айында елімізге 46,6 мың тонна пальма майы енгізілген

AstanaTV
28.05.2018ж. 20:00
2894
Соңғы үш жыл мен 2018 жылдың екі айында елімізге 46,6 мың тонна пальма майы енгізілген

Қазақстанда өндірілген 30 шақты аграрлық өнім түрлерінің бесеуі ғана сұранысқа ие. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында вице-премьер, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Ол өткен жылы қабылданған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді таныстырды. Бағдарламаны басқа бағытқа бұрамыз, өйткені отандық өнімге ішкі нарықта орын жоқ, - дейді министр. Сондықтан экспортқа басымдық беру керектігін де алға тартты.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі:

Ішкі нарықтағы сұраныс негізгі біз өндіретін тауарлар мен ет дәнді және майлы дақылдар, күріш, картоп сияқты артығымен қамтамасыз етілген. Сондықтан біз еңбек өнімділігін өсіру үшін ең алдымен экспорттық мүмкіндігімізді анықтауымыз керек. Сұраныс жағынан алсақ, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам сияқты, олардың нарықтары өте тартымды экспорттық нарықтар болып саналады.

Бағдарламаның жағымды тұсы - биылдан бастап тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілмек. Бұдан былай шаруалардың тұқым сатып алуға жұмсаған шығындары 100 пайызға өтеледі. Ал диқан өнімін жинап болған соң алынған субсидияның 30 пайызын Қазагрогарант мекемесіне қайтарады.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко министрлікті азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға шақырды. Кәсіпкерлер аса қауіпті пальма майын көптеп қолданып отырғанын айттып, дабыл қақты. Божконың айтуынша, Қазақстан мен Ресейді қоса есептегенде, пальма майының енгізілуі 40-50 пайызға жеткен. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сай, 2017 жылы тұтынушыларды алдау фактілері әсіресе сүт пен май өнімдерінде көп тіркелген көрінеді.

Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Тексерілген 493 өнімнің 142-сі, яғни 29 пайызы жасанды, қолдан жасалған болып шықты. Өсімдік майына пальма майын қосып жасау фактілері көп. Соңғы үш жыл мен 2018 жылдың екі айында елімізге 46,6 мың тонна пальма майы енгізілген. Қауіпті майды "Евразия фудс", "Рахат", "FG-VQ" серіктестіктері мен кондитерлік цехтар, наубайханалар қолданып отыр. Ол майдың қатерлі ісік тудыратын қаупі бары белгілі. Сондықтан азық-түлік өнімдерін шекарадан бастап дастарханға жеткенге дейін бақылауға алу керек.