Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Алматыда мектеп оқушысынан серозды менингит анықталды

AstanaTV
28.05.2018ж. 20:00
2868
Алматыда мектеп оқушысынан серозды менингит анықталды

Алматыда мектеп оқушысынан серозды менингит анықталды. Бұл шахарда тіркелген алғашқы жағдай. Бұған дейін менингококк инфекциясы қала тұрғындары арасында үрей туғызған. Алайда, дәрігерлер көпшілікті алаңдамауға шақырған. Ал бұл жұқпалы ауру түрінің менингококктан айырмашылығы бар ма? Ақ халаттылар не дейді? Мектеп ұжымы ше? Әріптесім Олжас Нұржақып мәселеге үңіліп көрді.

Оқушыдан серозды менингит соңғы қоңырауға бір күн қалғанда анықталған. 24-ші мамырда дәрігерлер 5-ші сыныпта оқитын баланы ауруханаға жатқызады. Ал мектеп директорының айтуынша, жеткіншектің денсаулығы 22-ші мамыр күні сыр берген. Қызуы көтірілген бала сабақтан босатылып, ата-анасы алып кеткен.

Құралай Ошанова, №165 мамандандырылған мектеп-лицейінің  директоры:

Қазіргі күнде 4 күндік ем алып, қызды шығарып жатыр. Диагнозы жақсы. Күнде бізде фильтр қойылған. Мектеп дәрігері күнде балаларға температурасын өлшеп, егер де бір жөтелген жағдай болса, маска беріп,  осындай іс-шаралар қолданып жатыр.

Бүгінде мектепте бақылау күшейген. Балалар жазғы демалысқа жіберілгенімен, тексеру әлі жалғасуда. Білім шаңырағында ескертпе жазбалар ілініп, кабинеттер күнделікті хлормен жуылуда, - деді мектеп басшылығы. Дәрігерлер бұл дертке алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтады. Себебі серозды менингит менингококк инфекциясы секілді қауіпті емес. Жуғуы да басқаша.

Алмаш Ахметова, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

Серозды менингиттің қоздырғышы көбінесе энтеровирустар болып келеді. Ластанған су немесе тағам, дұрыс жуылмаған жеміс-жидектер, кір қол, контактно-бытовой дейміз ғой, тұрмыстық заттар, ластанған ойыншық, фекально-оральный деп айтамыз. Ол ауыз арқылы жұғады.

Ал менингококк ауа арқылы жұғатындықтан, ақ халаттылар адам көп жиналатын орындардан әлі де аулақ болу қажеттігін айтуда. Себебі өткен аптада осы дерттен 4 адам көз жұмған. Оның бірі - көлік және коммуникация академиясының студенті. Білім ордасындағы қайғылы жайттан кейін өзгелерге де тексеру жүргізілген. Науқас баламен бірге тұрған бес адам ауруханада жатыр. 

Дәмеш Қыдыралиева, оқу орнының дәрігері:

Анализдің нәтижесін күтіп жатыр. Жатақханалар жұмыс істеп жатыр. Барлық жерде врачтар тексеріп жатыр балаларды.

Өткен апта соңында денсаулық сақтау вице-министрі мен бас санитар дәрігер Алматыға арнайы келген еді. Олар қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасын аралап, жағдайға қанықты. «Алаңдауға негіз жоқ. Емханалар штаттық режімде, дәрілер жеткілікті, жедел-жәрдем қызметкерлері кез-келген жағдайға дайын» деп баға берді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің дерегінше, 29 адамда тіркелген аурудың 23-і зертханалық тұрғыда толық дәлелденсе, қалған 6 азаматқа клиникалық диагноз қойылған. Қазір мамандар зертханалық тексеріс нәтижесін күтуде. Тек осы азаматтармен қарым-қатынаста болғандар саны 2160-қа жеткен. 90 пайызында қоздырғыш бактериялар табылмады.

Олжас НҰРЖАҚЫП